Қазақы тазы мен төбет тұқымын сақтап, молайтуға жауапты уәкілетті орган құрылмақшы. Мәжілісте қаралған заң жобасында осындай мәселе көтерілді, деп хабарлайды Arda-ақпарат.
Құжаттың толық атауы — «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне иттердің ұлттық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы.
Заң жобасы бойынша жасалған қорытындыны депутаттарға Парламент Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Әмірхан Рахымжанов таныстырды.
Айтуынша, заң жобасы мақұлданса, қазақы тазы мен төбет тұқымын сақтау және өсімін молайтуға жауапты уәкілетті орган құрылады.
Ол ұйымның қазіргі шартты атауы — Қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығы.
«Орталықтың негізгі құзыретіне бірыңғай асыл тұқымды қазақы тазы мен төбеттің кітабын жүргізу, аталған тұқымдардың стандарттарын әзірлеу және басқа да міндеттер кіреді. Сонымен қатар, заң жобасы кинологиялық қызмет ұғымдарын, қазақы тұқымды иттің шығу тегі туралы куәлікті, бірыңғай асыл тұқымды кітапты, қазақ ит тұқымдары мен ұлттық аңшылық стандартын айқындайды», — деді депутат.
Мемлекет бұл орталықты осы салада жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктерге мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы қаржыландырып, қолдау көрсетпек.
«Сондай-ақ, заң жобасында Қазақстан Республикасының ғылыми ұйымдары жүзеге асыратын қазақ ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы ғылыми зерттеулер жөніндегі норма көзделген. Ғылыми ұйымдар уәкілетті органмен, ұлттық орталықпен, сондай-ақ кинологиялық қызметті жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп, қазақтың ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласында мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарламалар әзірлейді. Заң жобасының нормаларын іске асыру үшін 1,4 млрд теңге қажет болады. Бұл сома 18 қазанда республикалық бюджет комиссиясының отырысында қолдау тапты», — деді Әмірхан Рахымжанов.