Среда, 27 ноября, 2024

Қазақы тазылар алғаш рет әлемдік көрмеге қатысады

Биыл 21-23 тамыз күндері Женевада Халықаралық кинология федерациясы (FCI) Бас ассамблеясының отырысы өтеді. Оның аясында ұйымдастырылатын «World Dog Show-2023» иттер көрмесіне Қазақстаннан екі тазы қатысады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Қазақстан кинологтары одағынан мәлім еткендей, қазақы тазылар мұндай дүниежүзілік чемпионатқа тарихта тұңғыш рет қатысқалы отыр. Оған еліміздің төлтума ит тұқымдарын халықаралық аренаға таныту жұмыстарын белсенді жүргізіп келе жатқан Қазақстан кинологтары одағы мұрындық болған.

Швейцария Ұлттық кинологиялық қоғамы Қазақстан кинологтары одағының өтінішін қарастыра келіп, тазыны Женевада өтетін Әлем чемпионатына қатысатын ит тұқымдарының тізіміне қосты.

Қазақы тазы тарихта алғаш рет Еуропалық одақ елдерінің дүниежүзілік көрмесіне қатысатын болды. Осы жолда үлкен жұмыс атқарылды. Біз Бельгиядағы FCI-мен арада (Халықаралық кинологиялық федерация) бірқатар келіссөз жүргіздік. Биыл сәуір айында Қазақстан кинологтары одағының өтініші бойынша, «Kazakh Tazy» тұңғыш рет Халықаралық кинология федерациясында ит тұқымдарының номенклатуралық тізіміне енгізілді. Біздің ұсынысымыз FCI тарапынан қолдау тапқанына өте қуаныштымыз

, – дейді Қазақстан кинологтары одағының президенті Бауыржан Серікқали.

Сондай-ақ 21-22 тамыз күндері өтетін Халықаралық кинология федерациясының бас ассамблеясында Қазақстанды осы ұйымның толық құқылы мүшесі ретінде тану мәселесі қарастырылатыны айтылып отыр.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған