Пятница, 29 ноября, 2024

Қажылыққа баратын адамдарды 3 әуе компаниясы тасымалдайтын болды

Қазақстаннан қажылыққа баратын адамдарды тасымалдайтын әуе компаниялары анықталды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT muftyat.kz ресми сайтына сілтеме жасап.

Қажыларымызға қолайлы жағдай жасау мақсатында ҚМДБ қазақстандық және шетелдік әуекомпаниялар арасында 4000 қажыны тасымалдау үшін ашық конкурс жариялаған болатын.

Конкурсқа Кувейттің «Jazeera», Біріккен Араб Әмірлігінің «Air Arabia», Түркияның «Turkish Airlines», сондай-ақ Сауд Арабиясының «Flynas» әуе компаниялары қызығушылық білдіріп, тиісті құжаттарын өткізді.

Осы ретте, қажылық орындарын алған 18 қазақстандық туроператор арасынан арнайы комиссия құрылып, аталған әуе компаниялар өкілдерімен тиісті келіссөздер жүргізілді.

Бәсекелестікке түскен «Flynas» әуе компаниясы да келіссөздер нәтижесінде арзан баға ұсынды. Аталмыш комиссия мүшелері 3 әуе компаниясын таңдап алды. Атап айтқанда тікелей рейстері арқылы қажыларымыздың қасиетті мекенге жылдам жетуі үшін «Flynas» әуе компаниясы таңдалды. Ал, арзан әуе билетін қалаған туроператорлар үшін «Jazeera» әуе компаниясы қызмет көрсететін болды. Әлемнің озық үлгіде қызмет көрсететін әуе компанияларының қатарына кіретін «Turkish Airlines» әуе компаниясы жайлылықты қалаған қажыларымыз үшін таңдалды.

ҚМДБ әуе компаниялары арасындағы конкурс пен биылғы 4000 қазақстандық қажыны тасымалдайтын әуе компанияларының таңдалғандығы жайлы Сауд Арабия Королдігінің Қажылық және ұмра министрлігі мен Корольдіктің Азаматтық авиация Бас басқармасы тарапына дипломатиялық арналар арқылы ресми хабарланған болатын.

Қазақстан тарапынан «Қажылық-2023» маусымын ұйымдастыру бойынша арнайы іссапармен барған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар мен Қазақстанның Жидда қаласындағы Бас консулы Қоспанов Руслан Тобылұлы ал, Саудия тарапынан Королдіктің Азаматтық авиация Бас басқармасының (GACA) Қажылық және ұмра істері бойынша басқарма басшысы Мазен Ахмад Базһаир мырза қатысқан келіссөздер жүргізілді.

Келіссөз барысында қазақстандық 18 туроператормен қажылыққа аттанатын 4000 отандасымызды ҚМДБ өткізген конкурс негізінде саудиялық «Flynas», кувейттік «Jazeera», түркиялық «Turkish Airlines» әуе компаниялары тасымалдайтыны пысықталды. Қажыларымыз Астана, Алматы, Түркістан және Ақтау қалаларынан ұшаққа отырып, Мекке (Жидда) және Медине қалаларына жеткізілетін болады.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған