2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап казино, ойын автоматтары залы, тотализатор, букмекерлік кеңсе иелері үшін қосымша құн салығын төлеу тәртібі өзгергені белгілі. Тақырыпты тарқатпас бұрын қосымша құн салығының не екеніне тоқталайық. Қосымша құн салығы (ҚҚС) — ел аумағында айналым жасау кезінде алынатын жанама салық (тауарларды сату, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету). Бұл ретте мынадай сауал туындайды: ойын бизнесінде сатылатын тауар я болмаса қызмет көрсету бар ма?
Құмар ойын бизнесінің нысандарына қосымша құн салығын енгізу басқа мемлекеттерде кездеспейді. Батыс елдерін былай қойғанның өзінде ЕАЭО аумағындағы тәжірибеге қайшы келетін төлемді енгізу қаншалықты қисынды? Шетелде ойын бизнесінде ҚҚС-ның неліктен жоқ екенін былай түсіндіреді: тауар жоқ, сатушы жоқ, соған сәйкес ҚҚС да жоқ. Қандай да бір спорт жарысына бәс тігіп, қорытындысын дәл тапқан адам ақша ұтады.
Бұл салада ұғымдық кереғарлық пен қайшылық көп, көзге көрініп тұр. Дәлел ретінде «баға», «құн», «тариф», «прейскурант», «прайс-парақ» сияқты баға белгілейтін ұғымдардың жоқтығын айтуға болады. Демек салық органдарында қосымша құн салығын қосатын сома жоқ. Ойын бизнесінде бәс тігу кезінде тауар да, өндіріс те, қызмет те көрсетілмейді, тауар-ақша қатынасы жоқ. Тек ақшалай бәс тігіледі. Басқаша айтқанда, ойынның нәтижесі үшін бәстеседі. Нәтижені дәл тапса ақша ұтады, таппаса қаржыдан қағылады. Бұл букмекерлік кеңсе мен бәс тігуші арасындағы өзара келісім болғандықтан, ешқандай сауда жоқ, ешкім ештеңе сатпайды.
Онда неге біздегі ойын бизнесі нысаны 12 пайыз ҚҚС төлеуге міндеттеліп отыр?Қарап отырсақ, ойын нарығы елдің қазынасына қомақты қаржы әкеледі. Лицензиясы бар букмекерлік кеңселер соңғы үш жылда 250 миллиард теңге түсім әкелген. Әлбетте, біз бұра тартып ешкімді ақтап-жақтамаймыз. Бірақ бір жәйттің басы ашық. Бюджеттің бүйірін толтырып отырған құмар ойын индустриясы біздің қолдауымызға зәру де емес, тек реттеудің өзі дұрыс болса дейсің. Өмір бір орнында тұрмайды, жаңа жағдай жаңа ойын ережелерін қажетсінеді. Кейбірі мүлде алып тастауды немесе өзгертуді талап етеді. Бірақ…
Жалпы салық мекемесінің бұл жағдайда қисынсыз жанама салықты қалай есептейтіні түсініксіз. Бұған қарап, біздің заң шығару органдар солқылдақ заңды әдейі шығара ма, әлде білікті маман жетіспей пе, я болмаса ниет жоқ па деп қаласың. Бизнес қауымдастық өкілдері, экономистер ойын нарығына қосымша құн салығын енгізу Қазақстан заңнамасына және халықаралық тәжірибеге сай келмейді деп есептейді. Мәселен, банктер мен қаржы орталықтары өнім шығармайтындықтан, бұл салықты төлемейді. Демек ойын бизнесінде де солай болуы керек емес пе? Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдер және Ресей, Беларусь мемлекетінде де мұндай мекемелер қосымша құн салығынан босатылған.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай «жаңашылдық» (олай деуге келсе) ойын бизнесі субъектілерінің жабылуына және олардың көлеңкелі нарыққа кетуіне түрткі болуы мүмкін. Қазірдің өзінде осындай үрдіс байқала бастады. Астыртын, онлайн казиноға ставка тігушілер қызығушылық танытып отыр. Түрлі тиімді шарт ұсынып, уәдені үйіп-төккесін арбауына түскен қазақстандық онлайн ойыншылардың ақшасы шетелге кетіп жатыр. Ал заңды елемейтін, ешбір салық төлемейтін ондай ойынханалар ырыққа көнбейді, жауапкершілікті де сезінбейді. Міне, нағыз қауіп осында!
Құмар ойын бизнесіне Еуроодақтың 28 елі рұқсат берген. Көптеген мемлекетте бұл ең ірі салық төлеушілер мен спорттық іс-шараның басты демеушілерінің бірі. ЭЫДҰ-ға мүше елдердің барлығында дерлік бұл бизнесте ҚҚС жоқ, ұлттық қазынаны басқа салық төлеу арқылы толықтырады. Мұның себебін тым қарапайым түсіндіреді: құмар ойын немесе ставка тігу ешқандай бағаны, тарифті білдірмейді, айналым жасау кезінде алынатын жанама салық емес. Бұл енді Еуропа елдерінің салық нормаларында тайға таңба басылғандай анық жазылған. Тіпті, алысқа бармай-ақ, Қазақстанмен барлық жағынан ұқсас посткеңестік елдерден құралған ЕАЭО мүше мемлекеттердің өзінде де ҚҚС жоқ.
Алдағы уақытта бізде де бұл мәселе оңтайлы шешіледі деген үміт бар.
Олжабек Байқуатов