Қостанайдағы Президент резиденциясы психоневрологиялық дерті бар және тірек-қимыл қозғалысына зақым келген балаларға арналған Оңалту орталығына айналады. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аймақтық резиденцияның алдағы уақыттағы қызметін айқындау мақсатында Қостанай облысы әкімдігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, қоғам өкілдері мен мүдделі мемлекеттік органдардың бірқатар ұсыныс, тілектері тыңдалды. Жұмыс тобының шешімімен аймақтық резиденцияны психоневрологиялық ауытқуға ұшыраған және тірек-қимыл қозғалысына зақым келген балаларға арналған Реабилитациялық орталыққа бейімдеу туралы шешім қабылданды. Резиденцияны реабилитациялық орталыққа айналдыру мақсатында жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылады», — деп мәлім етті әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Мәлім болғандай, биыл ғимаратты қайта жабдықтау бойынша жобалау-сметалық құжаттары әзірленеді.
«Резиденция аумағында барлығы 6 тұрғын үй және санитарлық корпус орналасқан, олар мүгедектігі бар адамдардың ыңғайына сай жаңартылатын болады. Сондай-ақ, іргелес аумақты абаттандыру жоспарлануда. Ең үлкен ғимаратта арнаулы әлеуметтік қызметтер, оның ішінде әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-еңбек қызметтерін көрсету үшін кабинеттер орналастыру жоспарланған», — деп түсіндірді баспасөз қызметінен.
Ал қалған тұрғын үй ғимараттары оңалту орталығының мамандарын орналастыру үшін пайдаланылады.