Әнші Қуандық Рахым бірер күн бұрын Instagram-парақшасына «Аққуым» әнін жан-тәнімен беріле орындаған мектеп оқушысының видеосын жариялаған болатын. Көрермен қатарында отырған ауыл баласының әнге деген ықыласы желі қолданушыларын сүйсіндірген. Олар Қуандық Рахымға әлгі баланы тауып, сахнада дуэт айтуды ұсынды. Жасөспірімнің анасы жақында Ақтөбеде болатын әншінің концертіне шақырту алғанын айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Мөңке би ауылында жаңа мешіттің ашылуында ән салған Қуандық Рахымның желідегі видеосы қазақстандықтарға ерекше әсер етті. Әншімен әнді қосыла айтқан кішкентай тыңдарманға тілек жаудырғандар көп. Баламен дуэт айтуды сұраған оқырмандарының тілегін әнші жерге қалдырмады.
«Біздің Instagram-парақшадағы Ақтөбе облысының Мөңке би ауылында түсірілген кішкентай қара балапанымыз туралы видео елге жақсы әсер қалдыруда. Көптеген тыңдарман, оқырмандарымыз осы баланы тауып алып, неге ән айтпасқа, неге концертке шақырмасқа деп айтып жатыр. 30 қыркүйек күні Ақтөбе қаласында Альбина Шардарова екеуміздің жеке концертіміз өтеді. Сол концертке кішкентай құлыншақты тауып алайық деп елге үміт артып тұрмын. Сіздерден көмек болсын, осы балапанды, ата-анасын білетін болсаңыздар астына байланыс нөмірін қалдырсаңыздар. Концертте дуэт болады», — деп жазды әнші желідегі парақшасында.
Желі арқылы әп-сәтте жұлдыз болған баланың есімі — Бақытбек. Ол Мөңке би ауылындағы М.Тәжин атындағы мектептің 7-сынып оқушысы. Әкесі теміржолшы, анасы мектеп асханасында жұмыс істейді. Анасының айтуынша, ұлы бокспен қатар шахматқа да үйір.
«Балам кішкентайынан ән айтып, ыңылдап жүретіні бар. Кеше ауылда Мөңке би мешіті ашылып, сол жерде көзге түсіп қалды. Алдыңға жағында отырған екен. Оны өзім де білмей қалдым. Видеоны көрдік. Содан концертке шақырту түсті. Енді 28 қыркүйек күні Ақтөбе қаласына барамыз. Өзі ән айтқанды жақсы көреді. География пәнін де жақсы көреді. Әнші болғысы келеді. Үйде ыңылдап ән айтқанымен мән бермейміз», — дейді анасы Алма Иманғазина.