«Хақназар» қоғамдық қоры «Ойыннан тыс» жобасымен букмекерлік қауымдастықпен бірлесіп Қазақстандағы ойынқұмарлық мәселесін шешпек. «Хақназар» ҚҚ төрағасы Нұржан Жақыпов өз сұхбатында тәуелділіктен қалай құтылу керектігін және өзін-өзі бақылай алмайтындарға көмектесуге бола ма деген сауалдарға жауап берді, деп жазады ARDA-AKPARAT.
— Нұржан, ең әуелі «Ойыннан тыс» жобасына тоқталсақ, оның басты мақсаты не?
— Біз құмар ойынға тәуелді адамдармен жұмыс істейміз. Жеке, отбасылық деңгейде бұл өте үлкен қасірет. Бізге құмар ойынның құрығына түсіп, қарызға белшеден батқан жандардың туыстары жиі жүгінеді. Дені мұндай қыруар қарызды енді ешқашан қайтара алмасы анық.
«Ойыннан тыс» жобасы құмар ойынға тәуелділіктің (лудомания) алдын алуға, мұндай қиындыққа тап болған жандарға көмектесуге арналған. Біз қаржылық сауаттылықты (яғни, ақшаны дұрыс басқара білу) насихаттаймыз және әр адамды жауапты ойын мәдениетіне, яғни шешіміне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Егер сіз ойнасаңыз (әсілі бұған жоламаған жөн), онда бұл ойын-сауық, хобби, бос уақыт өткізудің тәсілі екенін түсініп, жауапкершілікпен ойнаңыз, бірақ бұл әп-сәтте байып кетуді білдірмейді.
Кейбір популистер Қазақстанда ойын бизнесін толық жабуды, оған тыйым салуды талап етсе де, мұның орындала қалуы екіталай. Егер мемлекет солай істесе, онда астыртын құмар ойыны жайлап, қылмыстық сала күшейіп, 1990-шы жылдарға оралар едік. Тарихқа үңілсек, ХХ ғасырдың басындағы американдық «Құрғақ заңның» салдарын білеміз, ішімдікке тыйым салған соң халық суррогат пен самогонға жаппай ауыса бастады. Қазақстанда заңды ойын бизнесіне тыйым салынса, оның орнын оффшорлық аймақтардан жұмыс істейтін астыртын интернет-казинолар мен букмекерлік кеңселер басады. Яғни, бұл бизнес жоғалмайды, тек толықтай көлеңкелі, қылмыстық түрге айналады. Бұл бізге қажет емес.
Ендеше, қоғамда ойынға, бәс тігуге деген дұрыс мәдениет қажет. Тәуелділіктің қаупі мен одан қалай аулақ құтылу жайлы ақпаратты әлеуметтік желілер мен мектеп, колледждегі дәрістер арқылы насихаттаймыз. Біз жастарға құмар ойынға тәуелділіктің мәні мен ақшаға деген дұрыс көзқарас туралы егжей-тегжейлі айтамыз. Букмекерлік қауымдастықтың қаржылай қолдауымен «Хақназар» қорының базасындағы іске қосылған call-орталық осы туралы тәулік бойы кеңес береді әрі мәселесін шешуге көмектеседі. Сонымен қатар, заңдық тұрғыдан біздің мамандар кіріптар болған адамдардың банк және шағын несие ұйымдарға қатысты мәселесін реттеуге көмектеседі. Өкінішке қарай, заңды білмегендіктен, көбінесе клиенттер шағын несие ұйымына артығымен ақша төлейді.
Біздің қор қызметінің тағы бір бағыты – құмар ойын тұзағынан шыға алмай жүргендермен адамдармен жұмыс істеу. Біз оларды жеке оңалту орталықтарына емдеуге жібереміз. Кейбірі толықтай жеңілдетілген шартпен емделеді, себебі көп отбасының мұндай орталықтың қызметін төлейтіндей шамасы жоқ. Қоғам құмар ойынға тәуелділіктің салдарын түсінуі үшін әлеуметтік желілерде арнайы ақпаратты белсенді түрде насихаттаймыз. Әсіресе, тәуелді адамдардың ата-аналары мен жақындарына арналған ақпаратты. Көбінесе ойыншының жақындары тәуелділіктің не екенін білмейді, олар бұл ауру емес, жаман әрекет деп санайды. Біз бұл дерттің не екенін, қалай емдеп, лудоманмен қалай дұрыс әрекет ету керектігін түсіндіреміз. Ойынға ойсыз құмарлардың туыстарына дұрыс мінез-құлықты, қарым-қатынасты үйретеміз, оларды манипуляцияға берілмеуге баулимыз.
— Тәуелділіктен арылуға мүмкіндік бар ма?
— Лудоманияны (нашақорлық, алкоголизм және кез-келген басқа тәуелділік сияқты) құмар ойынға тәуелдінің өзі түсініп, емделуге ниеті болған кезде ғана емдеуге болады. Ем-дооң нәтиже беру үшін оңалту орталығына бару туралы шешімді тек лудоман қабылдай алады. Егер туыстары мәжбүрлесе және адамның өзі оны ауру емес деп санаса, өзін дені сау деп есептесе, онда сауығуы екіталай.
Қоғамда осы тақырып бойынша ақпарат тым жұтаң. Әсіресе, құмар ойынға тәуелділік пен оны емдеу туралы көп ақпаратты қазақ тілінде, қазақ тілді топтарда және әлеуметтік желілерде насихаттауға тырысамыз. Аймақта көпшілік менталитетке байланысты мұны елей бермейді. Мысалы, құмар ойыншыға ақыл айту немесе атам заманғы әдіс – ұрып-соғу арқылы шешуге болады деп ойлайды, оның дерт екенін түсінбейді. Егер оны қысым, қоқан-лоқы немесе жуан жұдырықпен шешсеңіз, онда адам мүлде тұйықталып, ешкімге тіл қатпай, соңы өкінішпен аяқталуы мүмкін.
— Егер отбасының емделуге қаржысы болмаса, бұдан шығудың жолы бар ма?
— Әрине. +7 (727) 339 51 99 немесе +7 (747) 461 67 01 телефондары арқылы біздің call-орталыққа қоңырау шалуға болады.
— Бір жылдық тәжірибеге сүйенсек, қандай жобаларды ең маңызды деп санайсыз?
— Жыл қорытындысы бойынша бұрын құмар ойынға тәуелді болғандардан еріктілер пулын құрғанымызды мақтан тұтамыз. Бұрын олармен жұмыс істедік, емдеуге жібердік, мәселесін шешуге көмектестік. Қазір көпшілігі біздің орталықпен тығыз байланыста, тәуелділіктен қалай құтылуға болатынын айтады, «тең – теңге» қағидаты бойынша тәжірибесін бөліседі. Тәуелділіктен арылу үшін мұндай волонтерлік қызмет емдеудің бір бөлігі делінеді, себебі бұл өзінің бағасын арттыруды, өзгелерге қажет екенін сезінуге мүмкіндік береді.
Бір жыл ішінде біз 7 адамды жеке оңалту орталықтарына жеңілдікпен емделуге жібердік – бұл үлкен жетістік, өйткені мұндай көмек болмаса, ол адамдар ешқашан қиындықтан құтыла алмас еді.
— Құмар ойын құрбандарының ата-аналары мен жақындары «Ойыннан тыс» жобасы туралы нені білуі керек?
— Негізгі ереженің бірі: құмар ойынға тәуелді адамның қарызын ешқашан төлемеу. Мұны ол тек өзі қайтаруы керек. Әйтпесе, тоқтаусыз ойнай береді. Бұған қоса, әлгінде айтқандай, ата-ана балаға қысым жасамауы қажет. Мұндай жағдайда жасөспірім өзінің жай-күйін айтуды қояды, оның жағдайын ешқашан білмейсіз. Бір жайтты түсінген жөн: тәуелді адам үшін біреудің ұрысқанынан емес, өзінің жан азабының зардабын көбірек тартады. Ірі сома ұтып алып, бүкіл мәселесін шешіп тастайтындай көрінгенімен, шын мәнінде ештеңе істей алмайтынына іштей күйініп, өзін жегідей жейді.
Бұған қоса, мінез-құлық өзгеруіне де уақтылы назар аударған жөн. Егер қарызға батып, шағын несие ұйымдары қоңырау шалса, дереу мамандарға жүгіну керек. Айтпақшы, қыруар қарыз негізінде пайызы мен өсімпұлы 500 пайыз немесе одан да көп болатын шағын несие ұйымдарынан туындайтынын атап өткен жөн.
— Ал ойын бизнесінің өкілдері сіздердің жобаларыңызбен серіктестік орната ма?
— Қазақстан букмекерлер қауымдастығының мүшелері біздің жобаға көп көмек көрсетеді. Айта кету керек, желі мен баспасөзде букмекерлік кеңселерге қатысты көптеген негатив бар, бірақ ең басты нәрсені түсіну керек: бұл «көлеңкелі» бизнес болса, қауіпті. Яғни, ресми тіркелген лицензияланған ұйым емес, Қазақстанда заңсыз жұмыс істейтін шетелдік букмекерлік кеңсенің «астыртын» сайты болған кезде.
Қазіргі кезде Қазақстанда букмекерлік қауымдастық тәуелді жандардың мүмкіндігінше аз болғанын қалайды. Бұл олардың имидждік мүддесі мен әлеуметтік жауапкершілігі. Заңды букмекерлік ұйымдар жауапты ойын қағидасын белсенді түрде насихаттайды, айтпақшы, біз де халыққа негізгі ойды жеткізуге тырысамыз: егер ойнасаңыз, дұрыстап ойнаңыз, оны хобби ретінде қабылдаңыз және ақшаңызға жауапкершілікпен қараңыз.
«Ойыннан тыс» сынды жобаларды қолдаумен қатар, Қазақстанның заңды букмекерлері балалар спортын дамытуға, басқа да әлеуметтік жобаларға қомақты қаржы салып отыр. «Хақназар» қоғамдық қоры «Ойыннан тыс» жобасымен және Қазақстан букмекерлік қауымдастығының мүшелері жауапты ойын мәдениетін қолдаймыз. Тыйым салу арқылы лудомания мәселесін шешу мүмкін емес деп ойлаймыз. Біз де, Қазақстанның кәсіби букмекерлері де бұл мәселені дұрыс мінез-құлық, өз іс-әрекеті үшін жауапкершілік туралы ойды жеткізу арқылы шешу керек деп есептейміз. Бұған ақпараттық, ағартушылық жұмыстар арқылы қол жеткізіледі. Ойындағы жауапты мінез-құлық үшін қаржылық сауаттылық, мінез-құлықты басқару мүмкіндігі дегендей белгілі бір әлеуметтік дағды мен білім қажет қой. Дәл осы дағдыларды біз «Ойыннан тыс» жобасы аясында насихаттауға, дамытуға әрекеттенеміз.
Әңгімеңізге рахмет!
Олжабек Байқуатов