Понедельник, 25 ноября, 2024

Құмар ойынға құныққандар: статистика қайдан алынды?

Қазақстанда орта есеппен 350 мың адам құмар ойынның құрбанына айналса, олардың орташа қарызы 10 млн теңгеден асады деген тұжырымдар бар. Елімізде 10 жұптың 7-еуі құмар ойын кесірінен ажырасады екен. Осындай статистика адамдардың үрейін ұшырып, ұйқысын қашырды. Алайда… бұл ақпараттың қайдан алынғанын білсеңіз, қайран қалып, бас шайқайсыз. Ең сорақысы, дүдәмал деректі лауазымды тұлғалар, министрліктер, депутаттар, агенттіктер т.б. кесе-көлденең тартып жүр.

Көктемгі көктей қаулаған мәліметтің төркінін тексеру үшін бірқатар ресми органмен бірге, Қаржы мониторинг агенттігіне сауын айтқандай сұрау салдық. «Бақсақ, бақа екен» демекші, бұл әлдебір спикердің ешбір негізсіз айта салған ойы екен. 2019 жылы 25 қаңтарда «Хабар» телеарнасында «Нұр Отан» партиясының дөңгелек үстелінде айтылған көрінеді. Ерінбей әлгі бағдарламаны көріп шықтық. Бірақ түк таппадық. Эфир қонағы белгілі саясаттанушы құмар ойынға салынғандардың ажырасуы мен қарызы туралы ғана айтқан.

Бірақ сарапшы елімізде 350 мың лудоман бар демеген, кейін анықталғандай спикердің сөзі бұрмаланған, әрі оны жаңсақ түсінсе керек. Алқалы жиында денсаулық сақтау министрлігі, әділет министрлігінің өкілдері немесе осындай деректі білетін құрылымның атынан ресми ақпарат та, сілтеме де, спикер де болған жоқ. Ал әлдебіреудің бұрмаланған сөзін ресми дерек деуге бола ма? Осыған сергек көзбен қарайықшы. Ең өкініштісі, бұл шалағай пікірдің жетегінде тепең қаққандар аз болмады.

Кейін сол «Хабар» телеарнасында Павлодар облысының журналисі де құмар ойынға құныққандар жайлы сюжет жасады. Тағы да сол дерек, 350 мың құмар ойын құрбаны дейді. Саясаттанушы солай сөйлеген көрінеді. Эфирді көре алмадық. Себебі редакция мұрағатындағы эфирдің жазбасы 6 ай ғана сақталады екен. Демек 2019 жылғы жазба жоқ. Ал сюжет авторы ақпарат көзін құпия ұстауға, оны тек соттың талабы бойынша айтуға міндетті деседі заң. Басшылықтың жауабы осы.

Айтпақшы, әлгі жиында айтылған ажырасқан жұптар мен құмар ойыншының қарызы туралы дереккөзді де іздедік. Спикер эфирде «сауалнамаға қатысқандар» деп әлдебір әлеуметтік зерттеуге сілтеме жасайды. Ендеше зерттеу қайда? Өкінішке қарай, бұл құжатқа (есеп, брошюра, шолу, баспасөз хабарламасы, диссертация т.б.) спикер де, басқасы да сілтемегі көрсете алмады. Google, Yandex, YouTube арқылы ресурстардан іздеу де нәтиже бермеді.

Ең қызығы, денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, елде құмар ойынға тәуелді 6 адам ресми тіркелген екен. Әділет министрлігі де соңғы 5 жылда елдегі ажырасу бойынша егжей-тегжейлі статистика ұсынды, онда ажырасудың негізгі себебі құмар ойын деген ақпарат жоқ. Бірінші кредит бюросында (БКБ), банктерде, шағын несие ұйымдары мен букмекерлік кеңселерде де ойыннан зардап шеккен адамдардың қарызы туралы бір ауыз сөз жазылмаған.

Әйтсе де, 350 мың құмар ойынға тәуелді адамдар туралы дерек ресми түрде расталды. Бірақ бізде емес, Ұлыбританияда! Бұл енді қисынға саяды. Тұманды Альбион – әлемдегі ең көп «ойнайтын» елдің бірі. William Hill сияқты ірі халықаралық букмекерлік кеңселер, казино мен ойын автоматы саласындағы бірқатар ірі әлемдік брендтің сонда шоғырлануы бекер емес. 70 миллионға жуық халқы бар ірі Еуропа елін 19 миллион адамы бар мемлекетпен шатастырған «сарапшыларға» не деуге болады?

Ойлап қарасақ, 2019 жылғы жалған ақпарат еш жаңартылмай, 350 000 саны айтылып та, жазылып та келеді. Сондықтан биыл қаңтар айында Еlim маркетингтік және әлеуметттік зерттеулер институты мынадай шолу жасапты. Құмар ойынға тәуелді жандарды оңалтатын 127 орталықты зерттеу барысында осындай жерге орта есеппен 110 адамның жүгінгенін анықтаған. Әрине, бұл министрліктің базасында жоқ, себебі олар жасырын емделген.

«Қазақстанда тәуелділіктен оңалтатын 127 орталық бар, арифметикалық тұрғыдан елде оңалтудан өтіп жатқан диагнозы расталған 14 мыңға жуық ойыншы бар деп болжауға болады. Мұндай адамдардың дені психологқа және басқа да мамандарға жүгінбейтінін ескерсек, нақты тәуелді адамдар шамамен 100 мың адам болуы мүмкін», — дейді зерттеушілер.

Олжабек Байқуатов

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған