Среда, 27 ноября, 2024

Қылмыс жасайтын жасөспірімдерге чип салу керек екенін айтқан депутат қазақстандықтардан кешірім сұрады

Елімізде қылмыс жасайтын жасөспірімдерге чип салу керектігін айтып, танымал болған Павлодар қалалық мәслихат депутаты Гүлжайна Дәрімова ел алдында кешірім сұрады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Гүлжайна Дәрімова кешірім сұраған видеосын әлеуметтік желіде жариялады.

«Қымбатты қазақстандықтар! Әлеуметтік желіні шулатқан соңғы оқиғаларға байланысты егер мен біреуді қорласам, намысына тисем, абыройына нұқсан келтірсем кешірім сұрағым келеді. Менің депутат ретіндегі жұмысым бүкіл халықтың игілігі үшін жасалады деп үміттенемін. Мен бәріңізді жақсы көремін!» — деп жазды халық қалаулысы өз абоненттеріне бейне үндеу.

Бұған дейін мәслихат депутаты қылмыс жасайтын жасөспірімдерге чип салу туралы сөзінен кейін өзіне қарсы акциялар ұйымдастырып жатқанын мәлімдеген еді. Қалада депутаттың атынан үнпарақ таратылып, сауалнамалар жүргізіліп жатқанын айтты.

“Жағалауда үнпарақтар таратылып жатыр. Мен халық үшін адал депутат болғым келді. Бірақ ондайлардың қажеті жоқ екен. Жерлестерім, өкінішке қарай, үміттеріңізді ақтамадым», — деді депутат.

Ол өзіне қарсы акция ұйымдастырғандарды іздеп табуға уәде беріп, желідегі парақшасында үнпарақтарды басып шығарған баспахана туралы ақпарат үшін 500 мың теңге сыйақы жариялады.

Бірақ ешкімді іздеудің қажеті болмады.

Оның “дұшпандары” өздері-ақ табылды. Ерекше спектакльдің ұйымдастырушылары «Жана адамдар» деп атайтын қоғам белсенділері болып шықты. Осылайша, жастар халық қалаулыларының аузынан шыққан орынсыз мәлімдемелерге наразылық білдіруге шешім қабылдаған.

Бұған дейін павлодарлық депутат елімізде қылмыс жасайтын жасөспірімдерге чип салу керек екенін айтып, басы дауға қалған болатын.

Ол Павлодарда буллингтің жиілеп кетуіне қатысты былай деді:

«Адамгершіліктен ада адамдарға тек чип қана емес, бір жеріне тағы бірдеңе салу керек. 100 рет айналдыру қажет. Кешке олардың үйде екенін тексеру керек. Егер жоқ болса, оларды бірден арнайы қабылдағышқа, интернатқа жіберу қажет», — деді депутат.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған