Қызылорда облысында жекеменшік балабақшадан шыққан өрттен 25 бала мен 7 қызметкер қауіпсіз жерге шығарылды, деп хабарлайды Arda-ақпарат.
Оқиға бүгін, 13 желтоқсанда сағат 10.00 шамасында Жаңақорған ауданындағы Жаңаарық ауылында болған. Елді мекендегі жекеменшік балабақша шатырының ағаш конструкциясынан өрт шыққан.
«Өрт сөндіру қызметі келгенге дейін 25 бала мен 7 қызметкер қауіпсіз жерге шығып үлгерген. Сағат 10.29-да өрттің беті қайтарылып, сағат 10.37-да толық сөндірілген. Өрт салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда. Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаментінен 14 қызметкер 3 техникамен барды», — деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінен.
Ведомство мәліметінше, департамент мамандарынан өзге ерікті өрт сөндіру құрылымы, аудандық полиция бөлімінен мамандар жұмыс атқарды.