Сыр елінде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған «Қанатты қалам-2023» мерекелік салтанатты шарасы өтті. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев журналистерді төл мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін арнады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Аймақ басшысы ақпарат ағынынан қалмай, өз көрермендері мен оқырмандарына адал қызмет етіп, мамандығын қадір тұтқан журналистердің қоғамдағы алар орнына тоқталды.
«Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбында Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында: «Масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Сондай-ақ билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы. Ақпарат құралдарында түрлі көзқарастар тоғысады. Оны қоғам тынысының барометрі деуге болады. Осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажет», — деп айтқанын білесіздер. Бүгінде «Масс-медиа» деп аталатын жаңа заң қоғамда кеңінен талқылануда. Бұл жобаның БАҚ өкілдері үшін маңызы зор болмақ. Сыр өңірінен шыққан жүздеген журналист әлемнің түкпір — түкпірінде, еліміздің әр өңірінде, өз өлкемізде абыройлы қызмет етуде. Олар ел өміріндегі әр жетістікті өз жетістігіндей көреді. Қиындықты жүрегімен қабылдап, әр сәтті қалт жібермеуге тырысады.Барша баспасөз, теледидар, радио, интернет басылымдары қызметкерлерінің еңбегіне шығармашылық табыс, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт-береке, амандық тілейміз», — деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Аймақтың ақпарат саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар БАҚ өкілі облыс әкімінің арнайы марапатына ие болып, құрмет төрінен көрінді. Қызылорда қоғамдық телеарнасының құрылтайшысы, ақын Шәһизада Әбдікәрімов Қызылорда облысының құрметті азаматы атанды. Бірқатар БАҚ қызметкеріне облыс әкімінің, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің марапаттары табысталды. Мұнан бөлек, 20 БАҚ өкіліне түрлі номинация, 10 сала ардагеріне шипажайға жолдама берілді. С.Бермағанбетов атындағы жас журналистер байқауының жеңімпаздары да арнайы марапат алды.
Бүгінде облыстың медиа кеңістігінде 148 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс жасауда. Оның 13-і мемлекеттік болса, 135-і тәуелсіз. Олардың ішінде 120-сы газет, 25-і интернет-сайт пен ақпараттық агенттіктер, 3-еуі телеарна, 137-сі облыстық, 2-еуі қалалық, 9-ы аудандық деңгейде ақпарат таратады.