Ақтөбеде қызылшаға шалдыққан бес бала ауыр жағдаймен аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды.
Tengrinews.kz-тің хабарлауынша, Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев өңірдегі қызылша дертіне қатысты жағдай туралы айтқан. Ресми мәлімет бойынша, ауырғандардың ең кішісі – бес айлық. Дәрігерлер ауыр жағдайда жатқандардың бәрі екпе егілмегендер екенін жеткізді.
«Балалардың жасы – 10 ай, 5 ай, 6 ай, 2 жас 7 ай, 1 жас 4 ай. Олар екпе алмаған. Бас тартқан. Барлығының тыныс алуы ауырлаған. Ем барысында дұрысталу байқалып жатыр», – дейді Рүстем Исаев.
Сондай-ақ бүгін денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят қызылша дертіне қатысты жалпы еліміздегі жағдай туралы айтты. Ол да жоғарыда айтылған Ақтөбе облысы мен Атырау және Қарағанды облыстарындағы жағдайдың қиын екенін жеткізді.
«Қазақстан бойынша дертке шалдығу 11 пайыз азайды. Бірақ үш аймақта әлі көбейіп жатыр», – деді министр.
ARDA-Aqparat