Четверг, 28 ноября, 2024

Ресейдегі қандастар 73 жастағы жаяу саяхатшыны күтіп алды

Ресейдегі қандастар 73 жастағы саяхатшыны күтіп алды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Ұлытау облысында тұратын Сәрсенбай Қотырашов әлем елдерін жаяу аралауға Атыраудан жолға шыққан еді.

Егде жастағы саяхатшы алдымен Ресей Федерациясына бет алды. Оны Астрахань өңіріндегі қандастар күтіп алған.

«Сәлем, құрметті достар! Менің Ресейде жүргеніме 4-ші күн болды. Шекарадан бірінші рет өтетін болғандықтан, сол күні қатты уайымдадым. Өтпелі кезеңнен кейін мені Ресей аумағында Астрахань облысының қазақтары күтіп тұрғанына таңғалдым. Домбыраның үнімен, қазақы дәстүр бойынша жылы қарсы алды», — деп жазды қария әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, шекарадан алғаш өтер кезде алаңдаушылық болған. Шаршағаны да білінген.

«Енді алаңдаушылық та, шаршау да жоқ. Қазақ бауырларыма көп рақмет», — дейді жаяу саяхатшы.

Еске сала кетелік, бұған дейін 73 жастағы ақсақал әлем елдерін жаяу аралауға Атыраудан жолға шыққанын жазған едік.

«Менің ұстанымым – саяхаттау ешқашан кеш емес. Әлем елдерін жаяу аралаған қазақ қариясының атын Гиннестің рекордтар кітабына тіркеп, әлемдік рекорд орнатсам деймін. Ең бастысы, бейбітшілікті насихаттап, жаһан елдерін ынтымаққа шақырғым келеді», — деген еді ол.

Ұлытаулық ақсақал 8 тамызда Ресей шекарасына жетті.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған