Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке сауал жолдады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Ринат Зайытов өз сауалында еліміздегі мәдениет саласы қызметкерлерінің мәселесін көтерді.
Мемлекетіміздің идеологиясын дұрыс жүргізуде және Отанымызды алыс-жақын шетелдерге таныстыруда мәдениеттің атқарып жатқан жұмысы аз емес. Республикамыз бойынша елеулі еңбек етіп жатқан 56 театр, 20 филармония, 267 музей, 3 891 кітапхана бар, — деді депутат.
Ол басқа да өнер ұжымдары барын қоса кетті.
Бүгінгі күні еліміздің айнасы болып отырған мәдениет қызметкерлерін мүлдем ескерусіз қалдырып жатырмыз. Мәдениет саласы қызметкерлері дегеніміз — тек сахнада ғана өнер көрсететіндер емес. Солардың жағдайын жасап отырған сахна сыртындағы еңбек адамдары, — деп атап өтті Ринат Зайытов Мәжісте.
Оның сөзінше, осы еңбек адамдары әлі күнге дейін санаты жоғарылап, жалақысы өсіп жатқан ұстаздар, дәрігерлер сияқты мамандар қатарынан да орын алған жоқ.