Вторник, 26 ноября, 2024

«Ризамыз саған, Ризабек!». Елге оралған балуандарға батырға лайық құрмет көрсетілді

Еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан мен әлемдік додада қола медальға ие болған Азамат Дәулетбеков елге оралды. Оларды әуежайдан қала тұрғындары мен әріптестері қарсы алды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Телеарна ақпаратынша, Ризабек Айтмұхан мен Азамат Дәулетбековті күтіп алуға халық көп жиналған. Олардың арасында балуандардың жақындары, журналистер, кезінде Ризабек Айтмұхан оқыған спорт мектебінің оқушылары бар.

Ризабек Айтмұханның алғашқы жаттықтырушысы әрі әкесі Қанат Жолдасбаевтың сөзінше, 10 жылға жуық еңбек пен төккен тер ақталған.

«Бір-екі жыл жай-жай жүріп, ойнап, тартылып, негізгі жұмыс 11 жасынан басталды. Бірінші, Астана спорт мектебіне түстік, одан кейін Алматыға ауысып кеттік. Баланың жағдайы керемет болып тұрды. Жылдам қумай ақырын, кіші жасөспірімдердің арасында чемпион атағына жеттік. Содан кейінгі қойған мақсаты «әлем чемпионы болам деді» соған ұмтылдық», — дейді Ризабек Айтмұханның әкесі Қанат Жолдасбаев.

Ризабектің айтуынша, мұндай жетістікке жету үшін қаншама жыл тер төккен, тіпті 2019 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында ерікті болып та жұмыс істеген.

«Өздеріңіз де білесіздер видео да бар. Мен Астанадағы әлем чемпионатында балуандардың ақтық белдесуінде сол кілемді сүрткем. Мен сол кезде шынымды айтсам әлем чемпионы болам деп ойлаған жоқпын», — дейді Ризабек Айтмұхан.

Ризабек аздап тыныққан соң жаттығуды қайта бастайтынын айтады.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған