Музарт тобының солисі, әнші Мейрамбек Беспаев көкпар өткізбек, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Өнер иесі аламан бәйге мен көкпарда 2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласында өткізбекші. Мейрамбек Беспаев көкпар өткізу туралы ұзақ ойланғанын және мұндай ойға не себепті келгенін жеткізді.
«Қадірлі ардақты ағайын! Ат ер қанаты. Атқа қонған палуанның ықыласын,елдің тілеуін тілеген ел-жұрт үлкендердің батасын қашан аласың? Мейрамбектің көкпарын қашан тартамыз?
Соңғы кезде ауылға,туған өлкеге барғанда алдымнан көп шығатын сауал.Алғашында бос мақтан үшін деп ел сөгер,жұрт босқа мал шашып жатыр деп айтар… Осындай көп күмәнмен келіспей жүр едім.Көкпар көптікі ғой деген тілеулес дос-жар бір шешімге келтіріп,салым дейтін олжа қорын өздері көтеріп отыр. Салым қоры жиырма бес миллион теңге. Оданша ол қаржыны неге қайырымдылыққа жұмсамайды деп алдын-ала сөкпеңіздер. Қайрымдылықты көкпарға дейінде жасап келем,көкпардан кейінде жасала береді. Ал несібесі мен еңбегі көкпарға байланған азаматтарды менің де елеуім заңдылық шығарСол үшін сіздердің рұхсат-мұрсаттарыңызбен тәуекел еттім. Ұлттық дәстүріміз бен спортымызға қосқан тамшыдай үлесімді қабыл алыңыздар.АЛЛА қаласа он жетінші қарашада #Тараз қаласында….төрт көзіңізді түгел күтем.
Ел іргесі аман болсын»,- деп жазды ол өзінің instagram парақшасына.
Әншінің өнердегі әріптестері мен оқырманы жарыса құттықтап, жылы лебізін білдірді.
«Ай бәрекелді! абыройлы өтсін», «Ал Қазақ елі! Ғасыр көкпарынан құр қалмаңыздар», «Бәрекелді, ат сүрінбей, азамат құламай аман-есен өтуіне тілектеспін», «Ниет қабыл, мұрат асыл болсын», «Алла абыроймен атқарып алуды нәсіп етсін!», – деп жазды олар.