Белгілі салық сарапшысы, экономика ғылымдарының докторы Евгений Порохов салық дауын тудыратын оқиғаға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Мәселе жеке тұлғаның иелігіндегі мүлкін қоспағандағы ұтыстан түскен табысы туралы болып отыр. Пороховтың пікірінше, мұндай қайшылық Қазақстан Республикасы Салық кодексі мен Азаматтық кодекс нормаларының сәйкессіздігінен туындаған. Өкінішке қарай, базбір салық кеңесшілері заң жеке тұлғаның табысын – нақты мүліктік игілігі деп санайтынын ұмыт қалдырады.
Сарапшы өзінің «Ұтыс мүліктік пайда ретінде» мақаласында салық салу үшін ұтысқа табыс ретінде қарау мәселесі құқықтық тұрғыда әшейін нәрсе сияқты көрінетінін айтады. Ал шын мәнінде, бұл жай нәрсе емес. Букмекерлік кеңселерде ұтысқа қол жеткізген адамға жеке табыс салығын (ЖТС) салу кезінде сирек кездесетін заңдық парадокс пайда болады. Сырт көзге ұтыс құмар ойыншының табысы секілді. Оның жұмсаған, ұтылған қаржысын есепке алмағанда, ұтып алған бүкіл сомасын кіріс деп қарастыруға бола ма?
Пороховтың пікірінше, ұтылған ақшаны санатқа алмай, барлық соманы есептеу ақылға қонымсыз. Бұл жағдайда салық — жоқ кірістен алынады. Егер бәс тігуге жұмсалған ақша ұтқан сомадан көп болса, онда ойыннан еш пайда түспейді. Бұл жағдайда бәс тігуші табыс таппаған болып есептеледі. Мемлекеттің мұндай жалған табысқа салық салуы — үлкен қате.
Евгений Порохов Салық кодексінің табысқа салық салу туралы нормасын дұрыс түсінбеу мамандар арасында талас тудыратынын атап өтті. Оның пікірінше, бұл мәселеде ешқандай кереғарлық болмауы керек. Ұтыс ойыншыға төленген кезде ғана салық органдары оны табыс ретінде есепке алуы керек. Бірақ ол адамның бұған дейін ұтқан-ұтпағанын алдыңғы мәліметтерге сүйеніп анықтау қажет. Ал мұндай құжатқа ұтып алған ақшаны ойыншыға берілгенін растайтын фискалдық чек немесе басқа да құжаттар жатады. Бәс тігушінің ойын барысында тіккен қаржысын салық салу мақсатында табыс деп тануға болмайды, себебі ол бастапқы есепке алу құжатының заңды формасы емес.
Сөз соңында сарапшы мұндағы басты мәселені дұрыс түсінуге шақырады: салық адамның нақты кірісіне, яғни оның мүліктік игілігіне ғана салынады. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 188-бабының 2-тармағына сәйкес, пайда – адамның кіріс, өсім, табыс және т.б. түріндегі мүліктік игілігі. «Басқаша айтқанда, бұл жұмыс, мәміле, бәс тігу кезінде тіккен және ұтқан ақшаның арасындағы пайда. Бұл тұжырымдаманы нақты бекіту керек, сонда ешқандай бұрмалау болмайды», — дейді маман.
Олжабек Байқуатов