Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жиені Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіш Түркияға қоныстанып, Эгей теңізінің жағасында өмір сүріп жатыр, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Назарбаевтың жиені, ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әбіш қудалаудан аман қалды. Назарбаев «әулетінің» өкілі қазір Түркияда таулардың арасында, Эгей теңізінің жылы суына тобығын малып, күн энергиясын алып тыныш өмір сүруде. Бұрын әртүрлі тәсілдермен алған дүниесі, алаңсыз өмір сүруге мүмкіндік беруде», — делінген жазбада.
Басылымның жазуынша, Самат Әбіш Түркияда тұруға рұқсатты түрік басшысы Режеп Тайып Ердоған мен түрік арнайы қызметінен алған.
«Саматтың Түркиядан басқа барар жері жоқ десек, қателесеміз. Назарбаевтың жиені Әмірліктерде, соның ішінде Дубайда жылжымайтын мүлік сатып алған. Бірдеңе болса, ол жерге де жасырынуі мүмкін», — деп толықтырды басылым.
Еске салайық, экс-президент Назарбаевтың жиені Самат Әбіш қаңтар оқиғасынан кейін көп ұзамай ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметінен кеткен болатын. Қаңтар оқиғасына дейін оның есімі бейресми түрде Қазақстан президенттігіне басты үміткерлер қатарында болды. Қаңтар оқиғасының нәтижесі бойынша Самат Әбіш қарапайым куәгер болды.