Сарыағаш аудандық полиция бөліміне есірткі контрабандасы бойынша ҚР ҰҚК шекара қызметінен ақпарат келіп түсті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Хабарламада Жібек жолы өткізу пунктінде шекарашылар мен Наоми атты қызметтік иттің шебер әрекеттері арқылы тыйым салынған заттарды тасымалдауға күдікті ҚР азаматы анықталғаны көрсетілген.
ҚР-ның шекарасынан өтпекші болған күдіктіге тексеру жүргізу кезінде гашишке ұқсас өсімдік тектес зат табылды. Алынған есірткі заты зерттеу қорытындысына сәйкес, салмағы 2 грамға жуық гашиш екені расталды.
Тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін күдікті ер адамды полиция бөліміне жеткізді.
Бұл дерек ҚР ҚК-нің 286-бабы (Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта есірткі контрабандасы дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.