Сәтбаевта кәсіпорынды миналаған деп жалған хабарлама берген азаматқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
2022 жылғы 20 желтоқсанда Ұлытау облысы Сәтбаев қалалық полиция бөлімінің «102» пультіне белгісіз адам қоңырау шалып, жылу станциясы ғимаратына жарылыс зат қойылғаны туралы хабарлады.
Бұл факт ҚР ҚК-нің 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар) бойынша тіркелген.
Оқиға орнына полиция және арнаулы қызмет қызметкерлері барып, тексеру жұмыстарын жүргізді. Хабарлама расталмады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды. Ол мас күйде жалған хабарлаған Сәтбаев қаласының 27 жастағы тұрғыны болып шықты.
Күдікті кінәсін мойындап, жұбайымен жанжалдасып, ішімдік ішкендіктен осы құқық бұзушылықты жасағанын айтты. Тергеу нәтижелері бойынша қылмыстық іс сотқа жіберілді. Сот сотталушының өзіне тағылған қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәсі толық дәлелденген деп шешіп, екі жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Ол орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтейді.
Ұлытау облыстық полиция департаменті терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін жауапкершілік туралы ескертеді. Ол үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.