Вторник, 26 ноября, 2024

Сенат Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы өзара қатынасты реттейтін заңды мақұлдады

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы өзара қатынастар туралы келісімге Қосымша келісімді ратификациялау туралы» Заң мақұлданды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Сенатор Қайрат Тастекеевтің атап өтуінше, аталған келісімге Рим Папасы Францисктің Қазақстанға былтырғы іссапары барысында қол қойылды. Аталған шарт Католик Шіркеуі қызметшілерінің санатын, тиісті субъектілерді және құзыретті органдарды нақтылайды. Тұрақты тұру тәртібі жеңілденеді.

«Атап айтқанда, банк шотында ақша болуы және тұратын жерін растау туралы талаптар алынып тасталды. Олардың орнына Католик Шіркеуінің жазбаша растауы жеткілікті болады. Нақты айтқанда, шетелдік дін қызметшілері Қазақстанға миссионерлік виза бойынша 6 ай мерзімге келе алады және оны ұзарту құқығы шектеусіз беріледі. Бүгінгі күні елімізде Католик шіркеуінің 232 шетелдік миссионері тұрып жатыр», — деді сенатор.

Оның сөзіне қарағанда, аталған ұсыныстар конфессияаралық келісімді нығайтуға, халықаралық деңгейде еліміздің құқықтық мемлекет ретінде абыройын арттыруға септігін тигізеді.

Осыдан кейін депутаттар заң жобасын мақұлдады.

«Былтыр елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өткені белгілі. Съезге қатысу үшін Қазақстанға әлемдік деңгейдегі дін көшбасшылары келді. Бүгін мақұлданған қосымша келісім Рим Папасы Франсцисктің сол кездегі ресми сапары аясында жасалған болатын. Алдағы уақытта осы құжат Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өз септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған