Пятница, 29 ноября, 2024

Сенат тазы мен төбет тұқымын көбейту туралы заң қабылдады

Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Құжаттың негізгі мақсаты — қазақы тазы және төбет ит тұқымдарын сақтау саласындағы қызметті жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздерін белгілеу.

Атап айтқанда, қазақы ит тұқымдарын сақтау және көбейту саласындағы мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаттары белгіленеді. Қазақы ит тұқымдарының сақталуын қамтамасыз ету жүйесіне жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар айқындалады. Онда уәкілетті органның құзыретіне қазақы ит тұқымдарының есебін жүргізу мониторингін жүзеге асыру және қазақы ит тұқымдарының стандарттарын бекіту сияқты функциялар жатқызылады.

Бұдан басқа, құжатта уәкілетті орган айқындаған мамандандырылған ұйымның құрылымдық бөлімшесі болатын қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығын құру, сондай-ақ қазақы ит тұқымдарын сақтау және көбейту саласындағы қызметті қаржыландыру көзделеді.

Сенаттың жалпы отырысында заң жобасын Парламент Мәжілісінің депутаты Елдос Абақанов таныстырды.

«Орталықтың негізгі құзыретіне бірыңғай асыл тұқымды қазақы тазы мен төбеттің кітабын жүргізу, аталған тұқымдардың стандарттарын әзірлеу және басқа да міндеттер кіреді. Сонымен қатар, заң жобасы кинологиялық қызмет ұғымдарын, қазақы тұқымды иттің шығу тегі туралы куәлікті, бірыңғай асыл тұқымды кітапты, қазақ ит тұқымдары мен ұлттық аңшылық ұғымын айқындайды», — деді депутат.

Сондай-ақ заң жобасында Қазақстан Республикасының ғылыми ұйымдары жүзеге асыратын қазақ ит тұқымдарын сақтау және көбейту саласындағы ғылыми зерттеулер жөніндегі норма көзделген. Ғылыми ұйымдар уәкілетті органмен, ұлттық орталықпен, кинологиялық қызметті жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп, бұл салада мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарламалар әзірлейді.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған