Вторник, 26 ноября, 2024

Сенат төрағасы экономиканы жаңа үлгіге қалай көшіруге болатынын айтты

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев BaitassovLive YouTube арнасына берген сұхбатында 2023 жылғы Жолдауда белгіленген жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін аса маңызды басым мақсаттар туралы айтып берді. Олар: экономиканы әртараптандыру, аграрлық секторды дамыту, көлік-логистика әлеуетін жүзеге асыру және өндіруші секторды жаңғырту, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

«Бірінші мақсат – экономиканы әртараптандыру және өңдеу өнеркәсібін дамыту. Әртараптандыру туралы айтқанымызға көп болса да әзірге айтарлықтай жетістігіміз жоқ. Қазіргі таңда біздің экспорттың 70 пайыздан астамы – шикізат өнімі. Осыған байланысты өңдеу өнеркәсібін дамытуға қаражат салатын қазақстандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторларды салықтан босату жөнінде бірқатар шаралар қабылдау жоспарланды. Бұл нарыққа қатысушыларды ынталандыру үшін аса маңызды», – деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Тағы бір келешегі зор бағыт – аграрлық секторды дамыту. Сенат төрағасы соңғы жылдары әлемде азық-түлік бағасы тұрақты түрде өсіп келе жатқаны байқалып отырғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол әлем халқының артуы және тиісінше азық-түлікті тұтыну да өсетінін назарға алып, қазір осы тауарларға сұраныстың тұрақты болатынын болжау қиын еместігін атап өтті.

«Екінші мақсат – аграрлық секторды жаңа заманауи инновациялық технология негізінде дамыту. Бізге ең алдымен азық-түлік импортына тәуелді емес отандық нарықты қамтамасыз ету өте қажет. Бұл ретте қосымша құны жоғары өнімдерді экспорттау аса маңызды. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы өнімдерін 70 пайызға дейін өңдеу, ішкі нарыққа жеткізу және экспорттау көзделіп отыр», – деді сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, жұмыстың үшінші маңызды бағыты – Қазақстанды көлік-логистика орталығы ретінде қалыптастыру. Географиялық тұрғыда әлеуеті бар, оны толығымен жүзеге асыру – басты міндет. Ал, қазіргі геосаяси жағдайда «дәл ортадағы дәліз» атауының мән-маңызы артып келеді. Бұл бағыт алдағы жылдары біздің еліміз арқылы өтетін тауарлардың транзитін 5-6 есеге арттыруға мүмкіндік береді.

«Осылайша, экономиканы әртараптандыру, аграрлық секторды дамыту, көлік-коммуникация кешенін дамыту, Қазақстанды транзиттік-логистикалық орталық ретінде қалыптастыру алдағы жылдарға арналған аса маңызды міндеттеріміз. Тағы бір мақсат – Қазақстандағы дәстүрлі өндіруші секторларды жаңғырту. Біз тау-кен және мұнай-газ өнеркәсібі туралы айтып отырмыз. Қазіргі уақытта бұл сектор біздің экономикамызда айрықша маңызға ие. Өйткені, барлық экспорттың 70 пайызын осы сала өнімдері құрайды. Сондықтан біз одан бас тарта алмаймыз. Соған байланысты оны технологиялық жағынан да, экологиялық жағынан да жаңғырту қажет», – деді сенат төрағасы.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған