Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Файсал бен Ханиф әл-Кахтанимен кездесті. Сұхбат барысында екіжақты ынтымақтастықты арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Мәулен Әшімбаев Сауд Арабиясы Корольдігі Қазақстанның Таяу Шығыстағы жақын серіктесі екенін және екі ел арасында жан-жақты ынтымақтастық орнағанын айтты. Палата төрағасы атап өткендей, өзара байланыстың дамуына жоғары деңгейдегі жүйелі саяси диалог негіз болып отыр.
Былтыр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Джиддаға жасаған сапары мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасқа айтарлықтай серпін берді. Сол кезде сапардың қорытындысы бойынша туризм, спорт, ауыл шаруашылығы, фармацевтика және басқа да салаларды қамтитын екіжақты 13 құжатқа қол қойылған болатын.
Мәулен Әшімбаев Қазақстан Парламенті Сенаты мен Сауд Арабиясы аш-Шурасы Меджлисі арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызына да тоқталды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде қолға алынған кешенді реформалардың іске асырылу барысына назар аударды.
Сонымен қатар, Сенат спикері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің қызметі туралы айтып, Корольдіктің дін көшбасшыларын биыл күзде өтетін Съезд Хатшылығының мерейтойлық отырысына қатысуға шақырды.