Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палата мүшелері тағайындалды, деп хабарлайды Arda-ақпарат
Конституцияға сәйкес Парламенттің әр палатасы Жоғары аудиторлық палатаның үш мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды. Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері қызметіне тағайындау үшін кандидатураларды палата төрағасы ұсынады. Осыған орай, Сенаттан Жоғарғы аудиторлық палатаның мүшелері қызметіне Рашит Ахметов, Нұрлан Нұржанов пен Расул Рахимовтың кандидатураларын ұсынамын, — деп атап өтті Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат спикері кандидаттар өз саласының білікті мамандары екеніне тоқталды.
Белгілі болғандай, ұсынылған кандидатуралар Қаржы және бюджет комитетінің отырысында алдын ала талқыланған.
Аталған кандидаттар қаржылық қызметін жүзеге асыру барысында өздерін қаржылық бақылау және мемлекеттік аудит саласында жауапты басшылары, жоғары білікті мамандар ретінде көрсетті, — деді Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Серікбай Тұрымов.