Суббота, 7 февраля, 2026

Сенатор елімізде қант диабетімен күресу жөніндегі ұлттық бағдарлама әзірлеуді ұсынды

Кейінгі 10 жылда елімізде қант диабетіне шалдығу деңгейі 61%-ға өсті. 2030 жылға қарай науқастардың саны 800 мыңнан асуы мүмкін, — деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Сенатор Рысқали Әбдікеров еліміз Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында осы мәселелерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутат Халықаралық қант диабеті федерациясының мәліметі бойынша былтыр әлемде ересектер арасында 537 млн қант диабеті сырқатының тіркелгенін атап өтті. Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 450 мың адамды құрайды. Оның ішінде 5,5 мыңға жуығы 17 жасқа дейінгі балалар болып отыр.

«Елімізде ауыр дертке шалдыққандар саны одан да көп болуы мүмкін. Себебі, аталмыш дерт көпке дейін белгі бермейтіндіктен, науқастардың көбісі асқынған кезде ғана дәрігерге жүгінеді. Әрине, біздің елімізде осындай науқастар емделу үшін амбулаториялық деңгейде қантты төмендететін дәрілік заттармен, медициналық заттармен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, бүгінгі таңда қант диабеті – Қазақстандағы ең қымбат әлеуметтік маңызы бар аурулардың бірі. Ресми ақпарат бойынша, науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін биыл 30 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген», — деді сенатор.

Депутаттың айтуынша, ел өңірлерінде эндокринолог-дәрігерлердің жетіспеушілігі де өзекті мәселе болып отыр. Қазіргі кезде Қазақстанда жеке секторда жұмыс істейтіндерді қосқанда 900-ден астам осындай маман бар екенін айта кеткен жөн.

«Үкімет жоғарыда айтылған мәселелерді ескере отырып, қант диабетімен тиімді күресу үшін бастапқы профилактика мен патологияны ерте анықтауға бағытталған қант диабеті бойынша Ұлттық бағдарламаны әзірлеуді сұраймын. Оған келесі бағыттарды қосуды ұсынамын: Қазақстанда мамандандырылған диабеттік көмек көрсетудің заманауи жүйесін құру, көрсетілетін көмектің сапасын арттыру мақсатында диагностиканың және емдеудің заманауи әдістемелерін енгізу, жүктілік кезінде ана мен бала өлімін азайту үшін қант диабетін уақытылы және дер кезінде емдеу керек», — деді сенатор.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған