Среда, 27 ноября, 2024

Сенатта қылмыстық заңнаманы ізгілендіру жөніндегі заң жобасы таныстырылды

Сенатта қылмыстық сот төрелігі саласындағы адам құқықтарын қорғауды күшейтуге, жазаны орындауға және азаптау мен қатыгездіктің алдын алуға қатысты заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Құжатқа денсаулықты сақтау, сотталғандар ауырған кезде оларға адамгершілікпен қарау, сотталған әйелдердің балалармен әлеуметтік байланысын сақтау және басқа да жаңалықтар енгізілген.

Ішкі істер министрлігінің өкілі заң жобасын таныстыра келіп, сотталғандар ауыр сырқаттанған кезде жазасын өтеуін кейінге қалдыруға немесе жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыруға мүмкіндік беретін ережелер туралы сенаторларға айтып берді.

Түзетулерде сондай-ақ бала үш жасқа толғаннан кейін анасымен бірге болу мерзімін ұзарту да ұсынылып отыр. Бұл сотталған әйелдердің балалармен әлеуметтік байланысын үзбеуге және мекеме базасындағы балалар үйінде балалардың тәрбие ісін ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Заң жобасында жазылған тағы бір норма – «азаптау» ұғымының анықтамасын нақтылау, сондай-ақ «қатыгездік» анықтамасын енгізу, сөйтіп қатыгездік немесе адамның қадір-қасиетін қорлағаны туралы құқық бұзушылықтың жаңа түрі пайда болады.

Түзетулерге сәйкес бірінші рет сотталған адамдарды жазасын бұрын өтеп келе жатқан адамдардан бөлек орындарда ұстауды енгізу, сондай-ақ қауіпсіздік шаралары барынша сақталатын мекемелерді қайта жасақтау арқылы төтенше қауіпсіздік мекемелерін жою ұсынылады.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған