Шерхан Мұртазаның жалғыз ұлы Батылжан Шерханұлы қайтыс болды, — деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Қаралы хабарды журналист Бану Дәулетбаева естіртті.
«Шерхан Мұртазаның ұлы қайтыс болды деген хабар жетті. Жалғыз ұлы еді. Тұлпардың соңғы тұяғы…», — деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.
Қазақстан Жазушылар одағы Massaget.kz тілшісінe ақпаратты растады.
«Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның жалғыз тұяғы Батылжан Шерханұлы дүниеден озғаны жөнінде қаралы хабарды жеткіземіз.
Жаназасы Самал-1 шағынауданы, №16 үй, 7-пәтер
2023 жылғы 28 шілде күні сағат 10:00-де шығарылады», — деді одақтың өкілі.
Жерлеу рәсімі Алматыдағы «Кеңсай-2» зиратында өтеді.
Айта кетейік, Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның бір ұл, бір қызы бар. Ұлы — Батылжан Шерханұлы, қызы — Алма Шерханқызы.
«Ағам Батылжан Шерханұлы журналистика факультетін қызыл дипломмен тамамдаған. Баспада жұмыс істеп, Бақытжан Момышұлы екеуі әкемнің «Қызыл жебесін» аударды. Кейіннен ағам жеке кәсіппен айналысып кетті. Әкем бізге өз шығармаларын оқуға үгіттемейтін.
Әкем жұмыс бөлмесінде жазу жазып отырғанда үйге қонақ келіп қалса, анамыз «Тссс, жай жүріңіздер, ақырын сөйлеңіздер» деп жүретін. Ондайда әкем «Емін-еркін отыра беріңіздер» деп жымиюшы еді. Барлық ақын-жазушылар сияқты үй шаруасына икемсіз болды. Бірақ бала тәрбиесіне қатты көңіл бөлетін. Ағамды спортқа берді. Оны хоккейге өзі апарып, өзі алып келетін», — деп жазған Алма Шерханқызы естеліктерінде.