Сурет: Planespotters.net
Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев елде шетелдік пилоттардың қаптап кеткені туралы сынға жауап берді.
«Біріншіден, мен өзім отандық ұшақтармен ұшудан мүлдем қорықпаймын. Екіншіден, әлемдегі әуе байланысының қауіпсіздігін өлшейтін көрсеткіш бар. Ол халықаралық азаматтық авиация ұйымы — ІСАО-ның бағасы. Сол баға бойынша біздегі ұшудың қауіпсіздік деңгейі 82 пайыз. Ол біздің ТМД елдерінің арасында ең биік көрсеткіш саналады. Тіпті Испания, Чехия сияқты Батыс Еуропа мемлекеттерінің көрсеткіштерімен сәйкес. Алдағы аудиттен 90 пайыз көрсеткішке жету деген мақсат қойып отырмыз. Сондықтан біздегі ұшу қауіпсіздігінің деңгейі биік деп санауға болады», — деді ол.
Талғат Ластаев әсіресе «Эйр Астана» компаниясында шетелдік пилоттар көп екенін айтады.
«Жалпы біздің салада 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Соның ішінде «Эйр Астанада» 90-100-дің арасында шетелдік пилот бар. Бірақ оның саны жыл сайын азаяды. Өйткені бізде отандық пилоттарды даярлайтын бірнеше бағдарлама бар. Әр әуе компаниясы өз пилоттарын өздері дайындап жатыр. Жыл сайын өз мамандарымыздың саны өсіп жатыр. Бірақ авиация саласында шетелдік пилоттарды пайдалану халықаралық практика болып есептеледі. Сол себепті ол ешқандай ерекше жағдай болып саналмайды», — деді комитет төрағасы.
Бұған дейін белгілі авиатор маман Абыл Кекілбаев БАҚ-қа берген сұхбатында қазақстандық ұшақтармен ұшудан қорқатынын айтқан еді. Оның сөзінше, елдегі білікті мамандардың бәрі араб елдеріне кетіп, орнын шетелден келген мамандар басып жатыр.
ARDA-Aqparat