Четверг, 28 ноября, 2024

ШҚО-да кене энцефалитін жұқтыру деңгейі республика бойынша орташа көрсеткіштен 4 есе жоғары

Шығыс Қазақстан облысында кене энцефалитін жұқтыру деңгейі республика бойынша орташа көрсеткіштен 4 есе жоғары, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде кене энцефалитіне қарсы шаралар жүргізілуде.

«Шығыс Қазақстан кене энцефалитін жұқтыру қаупінің «жоғары» аймағына жатады. Облыста аурушаңдық деңгейі республика бойынша орташа көрсеткіштен 4,1 есе жоғары. Кене маусымы сәуірде басталып, табиғи-климаттық жағдайларға байланысты қыркүйектің соңына дейін созылуы мүмкін. Глубокое, Алтай, Катонқарағай, Ұлан, Шемонаиха аудандары және Өскемен, Алтай, Риддер қалаларының маңындағы табиғи аумақтарда кене шағу қаупі басым», — делінген ақпаратта.

Өткен жылы өңірдегі эпидемиологиялық маусымда кене энцефалитінің 9 жағдайы тіркелген.

«Кене энцефалиті – дене қызуының жоғарылауымен, интоксикациямен және жүйке жүйесінің зақымдануымен көрінетін қауіпті вирустық инфекция. Вирус кене энцефалитін жұқтырған адамнан сау адамға тарамайды. Осы ретте, тұрғындардан табиғат аясына шыққан кезде барынша абай болу керектігін ескертеміз», — дейді департаменттің штаттан тыс бас эпидемиологы Бұлбұл Сағидолда.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған