Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары боран салдарынан бір апта бойы үйлеріне жете алмаған 11 адамға көмекке келді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға Глубокое ауданында болған.
Волчиха ауылында тұратын 11 адам елді мекен сыртындағы үйге барған. Алайда қалың қар жауып, қатты боран соғып кеткендіктен үйіне мүлде жете алмай қалды.
Олар бір апта бойы ауа райының жақсарғанын күтумен болды. Алайда боран қайтпаған соң құтқарушыларға хабарласып, көмек сұраған.
«Көмекке ТЖД жедел құтқару жасағының құтқарушылары жол талғамайтын «Шерп» көлігімен келіп жетті. Барлық тұрғын аман-есен үйіне жеткізілді. Азаматтарға медициналық көмек қажет болған жоқ», — делінген ақпаратта.
Осы ретте департамент мамандары жұртшылыққа өңірде дауылды ескерту сақталатынын еске салды.
Әзірге алыс сапарға шығудан бас тартқан жөн.