Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары боранда жолда қалған 6 адамды, оның ішінде екі баланы қауіпсіз жерге көшірді, деп хабарлайды Arda-aqparat. ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Глубокое ауданындағы Сержиха мен Кіші Үбе өзендерінің түйіскен жеріндегі жолда «Ниссан Патрол» және «УАЗ» маркалы автокөліктер боранда жүре алмай қалған. Көліктерде барлығы 6 адам, оның ішінде екі бала болды.
«Құтқарушылар жолаушыларға жол талғамайтын «Трекол» көлігімен көмекке келді. Оларды қар құрсауынан эвакуациялап, Өскеменге жеткізді. Зардап шеккен ешкім жоқ Азаматтар демалыс орнынан шығып, үйлеріне қайтып бара жатқан жолда боранға тап болғандықтарын айтты», — делінген ақпаратта.
Осы ретте, облыстық ТЖД мамандары өңір жұртшылығына алыс жолға шығар алдында барынша абай болуға шақырады. Төтенше жағдай туындаған кезде бірден «112» телефон нөміріне қоңырау шалу қажет.