Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қаланың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент бойынша департаментінің басшысы Дәурен Серғазин өзінің Facebook-тегі ресми парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Ол мегаполистің әлеуметтік маңызы бар бағыттары бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялау кезінде бюджет қаражатын кедергісіз төлегені үшін кәсіпкерден 13 миллион теңге көлемінде пара алды деп күдіктелуде.
Соттың санкциясымен күдікті 2 ай мерзімге қамауға алынды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын Қоқанбаев Мұхтар Сәтіллаұлы басқарады.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.