Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Шымкент қаласы білім басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты жүйелі жемқорлық қылмыстар үшін үкім шығарылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты білім басқармасының мамандары А. Шиндаулов пен М. Мейірбековке қатысты үкім шығарған. Айыпталушыларға 36 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.
“Олар субсидиялау шарттарына кедергісіз қол қойғаны үшін 100 мыңнан 500 мың теңгеге дейінгі сомада мектепке дейінгі мекемелердің басшыларынан жүйелі негізде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Сотталғандар мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ”, – делінген ақпаратта.
Сонымен қатар Департамент білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау барысында бюджет қаражатын жымқыру схемасын анықталған.
“Мәселен, екі қалалық мектептің бухгалтері 2020-2023 жылдар кезеңінде өзінің жеке шотына мектеп қызметкерлеріне еңбекақы төлеу қорына бөлінген 67 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз аударған. Жымқырудың ұқсас схемасы №2 мектепте қолданылды. Мұнда 6 жылдан астам уақыт бойы директор, бас менеджер және бас бухгалтер бірлесіп жұмыс істеген. Сонымен қатар мектеп директорлары мен олардың қарамағындағылардың командалық қозғалысы айтарлықтай жемқорлық тәуекелдеріне алып келеді”, – деп қосты агенттік өкілдері. .
Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қалалық білім беру саласындағы бұзушылықтардың алғышарттарын жою бойынша тиісті ұсынымдар енгізді.