Шымкентте полицейлерден қашпақ болған есірткі қойып кетушілер көлігімен қоршауға соғылды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Қайтпас-1 тұрғындары шағын аудан аумағында есірткі салып кетудің жиілеп кеткеніне шағымданып, полицияға өтініш білдірген.
“Жұмыс барысында полицейлер Volkswagen Polo екі күдікті жігітті анықтаған. Тәртіп сақшыларын байқаған жігіттер артқа бұрылып, жасырынуға тырысқан. Құрылысы аяқталмаған үйдің ауласына кіріп, полиция қызметкерлері жолды жауып тастаса да, көлік қозғалысын жалғастырған. Нәтижесінде жеке учаскені қоршап тұрған қоршауға соғылды», – делінген хабарламада.
Автокөлік салонын тексеру кезінде жедел уәкілдер ақ түсті ұнтақ заттары бар отыз шақты орама қағазды тапты.
«Сараптама қорытындысы бұл 30 гр мефедрон екенін көрсетті. Осы факт бойынша Қаратау ОЖБ ҚК 297-бабының 3-бөлігі “Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Күдіктілер полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Есірткі салушылар көлікті өздерінің жалға алғаны анықталды. Есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыс жасағаны үшін олар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі», – деп қосты полиция қызметкерлері.