Четверг, 28 ноября, 2024

Шымкентте Пекин олимпиадасының жүлдегері әкімдік уәде еткен пәтерді ала алмай жүр

Белгілі боксшы Еркебұлан Шынәлиев Олимпиада ойындарынан кейін Шымкент қаласының билігі уәде еткен пәтерді 15 жылдан бері ала алмай жүр, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Ол өзіне тиесілі баспананы алмаса, құзырлы органдарға шағымдануға ниетті. Әкімдіктегілер спортшыға пәтер сыйлауға уәде бермегенін айтады.

Қазақтың былғары қолғап шебері Еркебұлан Шынәлиев Бейжіңдегі олимпиада ойындарында қола медаль иеленді. Спортшыға шенеуніктер қомақты қаржылай сыйлықтарын табыстап, пәтер кілтін берген. Тіпті баспананың қайда орналасқанын көрсетіпті. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң «Нұр сәт» мөлтек ауданындағы үйіңізге кіре аласыз деген.

“Құрылыстың құжаты дайын болмай жатыр деді. Күтіп жүрдік. Кейін бір жарым миллион теңгеге пәтер аласың деп құтылғысы келді ғой. Ол кезде ОҚО қарайтын Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев деген жігіт еді”, – деді Пекин олимпиадасының қола жүлдегері Еркебұлан Шынәлиев.

Қазір басында баспанасы жоқ спортшы алты жылдан бері жұмыссыз. Қалалық спорт басқармасы Еркебұланмен үнемі байланыста екенін, жұмысқа орналастыру жағын қарастыратынын хабарлады. Бірақ әкімшілік спортшының баспанасын алып бере алмайтынын кесіп айтты.

“Елдің көзінше берілді деген әңгіме жоқ. Мен Еркебұланның өзімен де сөйлестім. Үй берді деген әңгіме болмаған. Үй береміз деп айтқан. Оның кім айтқанын мен білмедім”, – деді Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев.

Мәдениет және спорт министрлігі өкілдерінің айтуынша, Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне пәтер беру туралы заң былтыр ғана бекітілген. Сондықтан 15 жыл бұрын болған жағдайдың өтірік-шынын ажырату қиын дейді. Бірақ жаттықтырушылық жұмыспен айналысуға ешкім кедергі емес екенін айтты.

“Көптеген елдерде біздегідей жағдай жасамайды. Онда бала кезінде мемлекет есебінен дайындығына қаржы бөлінгендіктен, біздікі сияқты жүлде қорын да бермейді. Ондай бізде және СНГ елдерінде ғана бар. Бізде 20 жыл еңбек өтілімі болса, өмір бойына жалақы алады”, – деді Мәдениет және спорт министрлігінің комитет төрағасының орынбасары Айгүл Бектенова.

Спорт сарапшысы Бек Төлеуов бұл сала былыққа батып тұр деп топшылады. Айтуынша, он жыл бұрын Бақыт Сәрсекбаев, 5 жыл бұрын ауыр атлет Айдар Қазов та тиесілі жүлделерін ала алмай сергелдеңге түскен.

“Пекин Олимпиадасы 2008 жылы осындай шулар көп болды. Бақыт Сәрсекпаев алтын алған. Бақыттың да үйі осындай шумен аяқталған. Қазақстандағы құйтырқылық, әккілік жаңалық емес. Өйткені жемқорлық, алдау, арбау қай салада болсын кездеседі”, – деді спорт сарапшысы Бек Төлеуов.

Сондай-ақ спорт сарапшысы мемлекет спорттан кеткен азаматтарды өмір бойына қамқорлығына алуға міндетті емес деді. Өйткені олар карьерасын аяқтағанымен, жаттықтырушылық қызмет атқаруға не болмаса, басқа салада ел қатарлы еңбек етуіне әбден болады деген пікірде.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған