Шымкенттегі перинаталдық орталықтың бұрынғы бас дәрігері Темірхан Варзилов қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін сот 3 миллион теңге айыппұл төлеуге үкім шығарды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Сондай-ақ, сотталушы әріптесімен бірге қызметкерлерге берілген 2,9 миллион теңгеге жуық сыйақыны заңсыз алғаны үшін кінәлі деп танылды.
«Айыпталушылар В.Т. және Н.С., мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғаларға теңестірілген тұлғалар бола отырып, қызмет мүдделеріне қайшы, өздеріне пайда мен артықшылықтар алу мақсатында жалпы сомасы 2 880 000 теңге төленген сыйақы сомасын заңсыз алған. Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының «Қалалық перинаталдық орталығына» ең көп мүліктік залал келтірген», делінген хабарламада.
Прокурор сотталушыларға екі жылдан бас бостандығынан айыруды сұрады.
«Сот В.Т. мен Н.С.-ны Қылмыстық кодекстің 361-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, барлық мән-жайларды ескере отырып, В.Т.-ға 3 197 772 теңге айыппұл, Н.С.-ға 3 087 504 теңге айыппұл салды», делінген сот қаулысында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.