Вторник, 26 ноября, 2024

Шымкентте құқық бұзушылыққа бейім 35 жасөспірім мен 23 отбасы есепке алынды

Шымкентте құқық бұзушылыққа бейім 35 жасөспірім мен 23 отбасы есепке алынды, – деп хабарлайды Arda-ақпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау, алдын алу және себеп салдарын анықтау мақсатында үшінші мегаполисте үздіксіз рейдтік жұмыстар жүргізіледі.

Оның ішінде “Түнгі қаладағы балалар” профилактикалық іс-шарасы үнемі оң нәтиже көрсетеді.

Рейд жұмыстары түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген жасөспірімдерді, ойын-сауық орталығында болғандарды, кәмелеттік жасқа толмағандарға спирттік өнімдер мен темекі сатқан сауда нүктелерін және қоғамдық тыныштықты бұзған балаларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Шымкентте қараша айында түнгі уақытта жасөпірімдердің болуына жол берген 12 ойын-сауық мекемесі анықталды. Бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған екі ата-анаға ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды. Кәмелет жасына толмағандарға темекі және алкоголь өнімдерін сатудың төрт жайты анықталды. Түнгі уақытта ойын-сауық орталықтарында болған 17 жасөспірім ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 1-бөлігімен жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ 208 баланың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерлерде болғаны анықталды.

Сонымен қатар ата-анасының бақылауынсыз жүрген 33 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылып, құқық бұзушылыққа жақын 35 бала мен 23 отбасы полицияның есебіне алынды.

Департамент бастығы Қайрат Дәлбеков ата-аналарды бала тәрбиесіне баса назар аударуға шақырды.

«Әлеуметтік желілер мен ойын-сауық орталықтарының бала өміріне зияны көп. Бұл жасөспірімнің заңға қайшы әрекеттерге бейім болуына әкеліп соғады. Сондықтан балаларыңыздың қайда, кіммен, қай уақытта жүргеніне және қандай желілерді қолданатынына назар аударыңыздар. Бала тәрбиесіндегі міндеттерді орындамағаны үшін де жауапкершілік қарастырылғанын ескертемін» – деді Қ.Дәлбеков.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған