Солтүстік Қазақстан облысында суық тиіп науқастанғандар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге артты. Отбасымен ауырып жатқандар бар, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, өңірде ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай сырқаттанушылықтың маусымдық өсуімен сипатталады. Эпидемиологиялық маусым басталған 1 қазаннан бері ауырғандардың 65%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар.
Облыс аумағында тұмау өршіген. Өңірде В типті тұмаудың зертханалық расталған 244 жағдайы тіркелді. 8 адам «шошқа» тұмауын жұқтырса, жақында «гонконг» типті атанған тұмаудың 3 жағдайы анықталды.
«Симптомдары да, емдеу жолдары да бірдей. Бұрындары тұмау қаңтар-ақпан айларында, яғни Жаңа жылдан кейін тіркелетін. Биыл ерте басталды. Отбасымен ауырып жатқандар бар. Өйткені, тұмау болсын, жедел-респираторлық вирустық инфекция болсын ауа тамшылары арқылы, тұрмыстық затпен таралады. Сондықтан, бір бөлмеде, бір пәтерде тұрғандықтан жұқтырмау мүмкін емес», — дейді Әсет Жұматаев.
Ауырғандардың 49-ы жүкті әйел болса, 78-і бала, соның ішінде 44 оқушы және 8 балабақша тәрбиеленушісі бар. Тұмауды жұқтырғандардың жартысына жуығы – Петропавл тұрғындары.