Композитор Шәмші Қалдаяқовтың ұлы ақын Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» спектакльін қою арқылы әкесіне қиянат жасалғанын айтты. Мұхтар Шәмшіұлының сөзінше, әкесі ешқашан сығандардың тобырында болмаған, олардан таяқ та жемеген және сыған қызына ғашық та болмаған.
Атақты сазгер Шәмші Қалдаяқов өмірден озған соң оның шығармашылығы туралы біраз деректер бұрмаланды.
1986 жылы Желтоқсан көтерілісінде жастар алаңға Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін айтып шыққан еді. Ал қанды қол қызылдар ән авторын жазалаудың жолын таппаған. Кейін сазгер дүиеден өткен соң, оның өмірін бұрмаланған қойылыммен сахналанды.
«1986 жылы әскерден келген кезім, жаспын. Желтоқсан оқиғасында топ-топқа бөлінген жастар Достық даңғылымен бейбіт шеруге шығып бара жатты. Қол ұстасқан олар «Менің Қазақстанымды» хормен айтып тұрды. Бұл мен үшін күтпеген оқиға болды. Ол кезде әкем Композиторлар одағының мүшесі болған жоқ, не консерваторияның директоры, театрдың бастығы да болған емес. Ол өзінің шығармашылығымен айналысқан сазгер еді. Қазақ телевизиясының музыкалық редакторы болды. Желтоқсан оқиғасы өткеннен кейін 3-5 жыл бойына қатысушыларды жазалады. Студенттерді оқудан қуды, мұғалімдерді, басқа да қызметтегі адамдарды жұмыстан шығарды. Бұл ұлы оқиға еді. Әкем ол кезде қалада болмаған. Шымкентте демалыс орталығында жатқан. Ол жаңа жыл жақындағанда, туған күні қарсаңында келетін. Әкемді ешкім жазалай алмады. Жұмыстан қуатындай, гонорарынан айыратындай себептері болмады. Қалада болмаған соң тергеуге де ала алмады», — деді дирижер Мұхтар Қалдаяқов.
Егемендік алған соң сазгер көп уақыт өтпей қайтыс болды. Композитордың көзі кеткен соң, оның өмірі туралы спектакль сахналанды. Алайда осы қойылымның арқасында халықтың арасына сазгердің өмірі жайлы мүлдем теріс түсінік қалыптасқан.
«1992 жылы әкем қайтыс болды. Бір жылдан соң біреу «Сыған серенадасы» деген пьесаны жазып, сахналады. Спектакльде әкемді сыған табырында өмір сүрген, төбелескіш ретінде көрсеткен. Қойылымға ренжіген адамдар бізге Жамбыл облысынан да хабарласты. «Біздің жерлесіміз, құрметті азаматымыз Шәмшінің абыройын түсірмек болған адамдардың үстінен арыз жазыңыздар» деді. Жамбылда осыған байланысты шу болды. Халық шағымданды. Бірақ ағам екеуміз орысша оқығанбыз, біз бұл пьесаны бұрын-соңды көріп естімегенбіз. Сол кезде не болып жатқанын толықтай түсіне де алмадық. Әкемнің қайтыс болғанын пайдаланып, осылай істегенін кейін түсіндік. Әкем тірі кезінде бұндай қойылым қоймайтын еді. Осылайша оның беделін түсіріп, халықтың алдындағы абыройын төккісі келген», — деді Мұхтар Шәмшіұлы.
Қарсылық күшейген соң спектакльдің театр сахналарында қойылуы да азайған. Бірақ композитордың ұлы әкесінің абыройына нұқсан келтіріп, елдің санасына теріс түсінік қалыптастырған қойылымның авторын сотқа бергісі келгенін де жасырмады.
Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» пьесасы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахналарында және Алматыда, Қазақстанның басқа қалаларында композитордың барлық мұрагерлерінің үзілді-кесілді келіспеуіне қарамастан қойылып жүр.
«Бұл қойылым қайтыс болған әкеміздің жақсы атына жала жабады. 10 жыл бұрын авторды жауапкершілікке тартқым келген. Бірақ қазақстандық авторлық қоғам сол кезде бір жылдың ішінде 3 менеджерді ауыстырды. Бірі маған «Пьесаның авторы Исраил Сапарбайды 20 қарашада сотқа береміз» деп ашық айтқан. Сапарбай Жоғары партия мектебінің түлегі екен. Бар бәле осыдан шығып тұр деп ойладым. Спектакль арқылы әкеме қиянат қылды. Бұл істі сотпен шешу керек. Лингвистикалық сараптаманы талап етіп отырмыз. Адамдар осы күнге дейінгі әкем туралы теріс түсінікпен өмір сүрді. Қазақтың әрбір тойы, әрбір отырысы Шәмшінің әнісіз өтпейді. Алайда мен келесі ұрпаққа әкем туралы тағы жалған пікір қалыптасқанын қаламаймын. Бұл қанша уақытқа жалғасу керек, тағы 25 жыл күтуім керек пе?», — деді ол.
Қазақ эстрадасының негізін салушы сазгердің екі ұлы бар. Қалдаяқовтың ұлдары да, немерелері мен шөбересі де өнер саласында. Мұхтар Қалдаяқов Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында ширек ғасырға жуық дирижер қызметін атқарып келеді.
«Опера театрының дирижері ретінде 1995 жылдан бері істеп келемін. Екі рет Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ұсынған. Сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед менің ҚР еңбек сіңірген әртісі деген атқа әбден лайық екенімді айтты. Осы лауазымды беретінін сөз етті. Әрине, қуандым. Алматыға театрға келгенде, құжаттарымды дайындатқызды. Бірақ ақырында маған бұл лауазымды берген жоқ. Нота танымаса да, мәтіндерді түсінбесе де осы лауазымды иеленген адамдарды білемін. Жас эстрада әншілеріне беріп, мені өткізбеді. Мен оған өкінбеймін. Театрда істеп жатырмын. Балет, опера, спектакль, концерттерім бар.Ағам Әбілқасым консерваторияны бітірген, пианист, ұстаз. Музыка мектебінде орынбасар болды. Қызы пианист, немересі де музыкалық аспапта ойнайды. Менің балаларым скрипкада ойнайды. Дінмұхамед Қонаев кезінде әкеме 3 бөлмелі пәтер берген. Сол пәтерде шешем – Жәмила тұрады. Осы күнге дейін Шәмші ұрпақтарының жағдайы қалай деп бізді ешкім іздемеді. Бір күні ол да болып қалар, күтіп жүрміз. Әкемнің 20-25 шақты әнін ғана ел жақсы біледі. Көп әндері танылмаған. Сол әндерін насихаттауды қолға алып жатырмын», — деді Ш.Қалдаяқовтың ұлы.
2030 жылы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 100 жыл толады. Композитордың ұлы әкесінің мұрасын кеңінен насихаттауды көздеп отыр. 26-наурыз күні Алматыда Шәмшінің концерті өтіп, бұрын-соңды ел біле бермейтін жаңа туындылары орындалмақ. Небәрі алпыстан асқан шағында көз жұмған Қалдаяқов артына үш жүзге жуық туынды қалдырған. Оған Халық қаһарманы атағы берілгенмен, Қалдаяқовтың әлі күнге музейі жоқ.