Бүгін Ұлыстың Ұлы күнінде Талдықорғанда Ұлы Абайға арналған ескерткіш ашылды, — деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Жалпы ескерткіштің тұғыры гранит пен мрамордан дайындалған, мүсіні қоладан құйылған. Тұғыры 5,3 метр, мүсіні — 3,6 метр. Ескерткіштің сәулетшісі — Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы, ұзақ жыл Сәулетшілер одағын басқарған сәулетші Ақмырза Рүстембеков. Мүсіншісі — Мейірлан Әзмағанбетов. Ол бұған дейін Талдықорғандағы Сүйінбай Аронұлының, Ғали Ормановтың, Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіштерін, «Аялы алақан» композициясын жасаған.
Ақынның мүсіні Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театрының алдына қойылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев, Парламент Сенатының бірқатар депутаты, Абай облысынан арнайы өкілдері, Құнанбай қажының тікелей ұрпағы Хусман Верлишев, сол сияқты өнер майталмандары, өңірдегі ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты.
Ескерткіштің ашылу салтанатының шымылдығы Мұхтар Әуезовтің «Абай» қойылымының үзіндісімен ашылды. Қойылымда Бикен Римова атындағы драма театрының әрістерімен бірге басты рольде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер Болат Әбділманов өнер көрсетті.
Ескерткіш ресми түрде ашылып, гүл шоқтары қойылды.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев жетісулықтарды айтулы тарихи жаңалықпен құттықтап, Абай ескерткіші ашылуының Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуінде үлкен мән бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа келген сапарында Жетісу жерінде Абай ескерткішін орнатуға назар аударып, осы іске қозғау жасағанын еске салды.
«Қалалық қоғамдық кеңестің шешімімен ескерткіштің Бикен Римова атындағы драма театрының алдына қойылуы өнер ордасының рухын одан сайын биіктете түсті. Абайдың сөзімен айтсақ, «Мал жұтайды, өнер жұтамайды». Бұл — руханияттың ғұмыры мәңгілік екенінің айқын айғағы. Осы игі шараның Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуінде үлкен мән бар. Наурыз тіршіліктің нәрі, барша игіліктің қайнар көзі болса, Абай — қазақ халқына рухани серпіліс әкеліп, ұлттық сананың жаңғыруына жолбасшы болды. Сондықтан осы екі қастерлі құндылығымыздың бір-бірімен астасуы, қуаныштардың қатар келуі заңды», — деді Бейбіт Исабаев.
Облыс әкімі қоғамның қай тақыбырын болсын өз шығармашылығында кеңінен қамтыған қайраткер ақынның өлеңдері мен қара сөздерінің маңызы әлі күнге өзекті екенін тілге тиек етті.
«Халықтың мүддесінен, көптің мақсат-мұратынан туындаған сол тақырыптар әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Қайта ондағы адамгершілік құндылықтар, мораль философиясы, толық адам ілімі жыл өткен сайын жаңғырып, заман озған сайын жаңа қырлары ашылып жатыр. Қазақстанның жаңа дәуірін жасап, әділетті қоғам құру барысында біз тағы да Абайға жүгінеміз. Ақын айтқан ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек әрқайсымызға аса қажет екенін ұғынамыз. Осы үш асыл қасиеттің адамды алға жетелейтінін, ақиқатқа бастайтынын түйсінеміз. Абай қазақпен бірге жасайды. Оның шығармалары бүгінгі қоғамға ғана емес, келешек ұрпаққа да рухани нәр беріп, терең тағылымын танытатыны анық», — деді Бейбіт Исабаев.