Жетісу облысында кезекте тұрған, жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларды баспанамен қамту мақсатында, «Жетісу жастары» бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Arda-ақпарат.
«Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылына 5 пайыз, ең жоғары сома – 10 млн теңгені құрайды. Егер бағдарламаның болашақ қатысушысы құрылыс компаниясынан жаңа тұрғын үй алуды жоспарласа, онда ол үшін бастапқы жарна 0 пайыз болады, ал егер үй немесе пәтер қайталама нарықтан сатып алынса, онда бастапқы жарна 10 пайызға тең болады. Несие 19 жылға беріледі», — деп жазылған хабарламада.
Қолжетімді несиеге қажетті қаражаттың алғашқы траншы – 400 млн теңге. Сол сияқты «Жетісу жастары» бағдарламасы бойынша несиені отбасы банк беретіні белгілі болды.
«Жеңілдікпен несие алатын үміткерлердің тізімін әкімдік құрды. Біз Отбасы банкінде олардың төлем қабілеттілігін тексеріп, заем береміз. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің арқасында несие төлемдері бағдарламаға қатысушылардың отбасылық бюджетіне ауыртпалық түсірмейді. Алғашқы сегіз жылда ай сайынғы төлем 76 600 – 87 600 теңгеге тең болады.
Талдықорғанда пәтер жалдау қазір бұл бағамен бірдей немесе одан да қымбат. Біраз уақыттан кейін несие сомасы 46 400 теңгеге дейін төмендейді. Қолжетімді шарттармен несие алған балалар үйінің түлектері отбасыларымен бірге Жастар үйінің тар бөлмелері мен жатақханадан жеке баспаналарына көшетін болады», — деп түсіндірді «Отбасы банк» облыстық филиалының директоры Ғалымжан Шалғымбаев.