Тележүргізуші Бибігүл Дәулетбекқызы соңғы уақытта қажылыққа барып, хиджабқа оранатын жұлдыздардың көбейгеніне ашулы екенін жеткізді. Тележүргізуші Меккеге баруды сәнге айналдырған шоу-бизнес өкілдерінің әрекеті талай қыз-келіншекке әсер ететінін айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Бибігүл Дәулетбекқызы шоу-бизнес өкілдеріне қатысты ойын Facebook парақшасында жариялады.
«Instagram желісін ашсаң болды, алдыңнан Меккеде жүрген шоу-бизнес сайқымазақтары «Умрада жүрмін» деген суреттерін жарыса салуда. Кеше ғана бір жерін жалтыратып жүрген әншілерің шеттерінен орамалға бүркеніп жатыр. Өз қалауы, бірақ сол біреулер миллиондаған қыз-келіншектердің миын улайды да, сол хиджабын қайта шешіп тастайтынына жыным ұстайды. Немене Меккеге бару сән болып кеткен бе?!
Соларға «Сендер өзі соңғы рет бұл дүниеден өткен ата-әжелеріңнің, жақындарыңның зиратына қашан бардыңдар?» деп сұрақ қоямын. Әруақ риза болмай — тірі байымайды. Осылай кете берсек, «бір күні Ауған еліне айналамыз ба» деп қорқамын», — деп жазды тележүргізуші.