ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі танымал жазушы, зертеуші, «Ана тілі» басылымының алғашқы редакторы Жарылқап Бейсенбайұлын қабылдады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Бүгін қазақ журналистикасында айрықша қолтаңбасы бар жампоз журналист, Шер-аға мен Сейдахмет Бердіқұловтың жолын жалғастырған білікті басшы, Шоқантануға үлкен үлес қосқан зерделі зерттеуші, ұлттың айбарына айналған «Ана тілі» басылымының алғашқы басшысы Жарылғап Бейсенбайұлын қабылдап, туған күнімен құттықтадым. Министрліктің «Еңбек ардагері» төсбелгісін тапсырып, ағамызға зор денсаулық тіледім! Жасай беріңіз, жаза беріңіз, Жақа!»,-деп жазды министр.
Жарылқап Бейсенбайұлы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Молыке Шойманов ауылында туған.
1969 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірді. 1969-1990 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып істеді.
1990-1997 жылдары «Ана тілі» газетінің тұңғыш Бас редакторы қызметіне тағайындалды. 1997 жылдың соңынан — «Қазақ ақпарат агенттігі» директорының орынбасары, 2002 жылы осы агенттік негізінен құрылған «ҚазАқпарат» Ұлттық компаниясы» АҚ қазақ редакциясының бас редакторы болды.
2014-2017 жылдар аралығында «Мәдени мұра» журналының бас редакторы қызметін атқарды.
«Шоқан ізімен» (1977), «Буырқанған бояулар» (1981), «Әдеп әлемі» (1982), «Жасын-тағдыр жарқылы» (1987), «Қазақ шежіресі» (1994), «Арғы түріктер ақиқатының ізімен»(2006) атты деректі-танымдық, эссе, зерттеу кітаптарының, сондай-ақ «Шоқан» роман-эссесінің (2009) авторы.
Бұл роман-эссе кітабы 2015 жылы орысшаға аударылып, оның таныстырылымы сол жылдың соңында Мәскеу қаласындағы Орыс Географиялық қоғамының штаб-пәтерінде өтті.
Сонымен бірге 2015 жылы астанадағы Түркі академиясының жобасы бойынша «Орталық Азиядағы арғытүрік сипатты мәдениеттер: этнотектік аспектілер» монографиясы жарық көрді.
Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері (1982).