Астанада терроризм актісі туралы парақшалар таратқан оқушының ата-анасы жауапқа тартылды.
Polisia.kz хабарлағандай, Байқоңыр ауданының полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 273-бабы 1-бөлігі (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Қаладағы мектептердің бірінде 9-сынып оқушысының үзілісте мектеп қабырғасында заңсыз әрекеттерді жасауға шақыратын іс-шаралар туралы парақшалар таратып жатқанын байқаған мұғалім полицияға жүгінген. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы дереу жіберілді. Мән-жайды анықтаған кезде жасөспірім әзіл үшін компьютерде мәтін жазғанын және парақшаларды басып шығарғанын мойындады.
Оқушының заңды өкілдеріне қатысты ӘҚБтК-нің 127-бабы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамауы) бойынша әкімшілік іс қозғалды. Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен кәмелетке толмағанның анасына айыппұл салынды.
Полиция департаменті мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын еске салады. Балаларды тәрбиелеу бойынша тиісті шараларды қабылдамағаны үшін ата-аналар қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын есте сақтаған жөн.
ARDA-Aqparat