Среда, 27 ноября, 2024

Тоқаев Астананы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

«Бүгін біз Елорданы дамытудың өзекті мәселелерін талқылау үшін жиналып отырмыз. Биыл бас қаламыздың құрылғанына 25 жыл толды. Астана ширек ғасыр ішінде заманауи ірі қалаға айналды. Көп жұмыс атқарылды. Жетістіктеріміз аз емес. Елорда күн санап ұлғайып келе жатыр. Тұрғындар саны айтарлықтай көбейді. Алдағы жылдары қала халқының саны 1,5 миллионға жетеді деген болжам бар. Бұдан да көп болуы әбден мүмкін. Бірақ, қаланың бас жоспарында бұл жағдай толық ескерілмеген,-деді Президент.

Оның сөзінше, қаланың қарқынды дамығаны жақсы. Дегенмен, қазір осы үрдіс әлеуметтік инфрақұрылымға зор салмақ түсіріп отыр. Әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан мәселелер бар. Мұны жұрт біліп отыр. Сондықтан, Үкімет те, әкімдік те соның бәрін шешу үшін жұмыла жұмыс істеуі керек. Бұл жұмысқа қоғам өкілдерін тарту қажет.

«Астананы көркейту, тұрмыс сапасын жақсарту – бәрімізге ортақ міндет. Біз қаңтар айында арнайы кеңес өткізіп, біраз мәселені талқыладық, мақсат-міндеттерді айқындадық. Содан бері жарты жылға жуық уақыт өтті. Енді атқарылған жұмыстарға тоқталамыз», -деді Мемлекет басшысы.

Президент сонымен қатар мерейтойдың қол жеткізген жетістіктер мен жарқын жеңістерге ғана емес, жіберілген қателіктер мен мүмкіндіктерге де назар аударатын маңызды белес екенін атап өтті. Жіберілген кемшіліктерден сабақ алып, тиісті қорытынды шығару маңызды. Қазір босаңситын және жетістіктерге тоқмейілситін уақыт емес. Бәсекеге толы күресте жетістігіне масаттанбай, өзін-өзі шыңдап, алға қадам басқандар жеңіске жетеді.

«Бүгінгі жиынның мән-маңызы да – осы. Астана – еліміздің іскерлік, саяси және мәдени орталығы. Еліміздің барлық аймақтары елордаға қарап бой түзейді, дамиды. Астана көптеген салада, соның ішінде азаматтардың өмір сүру сапасы бойынша да басқа қалаларға үлгі көрсетеді. Сондықтан, қаланың тұрақты дамуына кедергі болып жатқан түйткілдерді шешу үшін мемлекеттік органдар тиянақты жұмыс істеуі қажет»,-деді Президент.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған