Президентке Маңғыстау облысының биылғы 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алдағы жоспарлары баяндалды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Мемлекет басшысына есепті кезең ішінде өңірде жалпы сомасы 5,3 миллиард теңге болатын 6 инвестициялық жоба іске қосылғанын айтты. Жалпы, қаңтар-шілде айларында өңірдің негізгі капиталына бағытталған инвестиция көлемі 523 миллиард теңгені құрады.
«Сонымен қатар Мемлекет басшысына ауызсу тапшылығын шешуге қатысты тапсырмасының орындалу барысы туралы мәлімет берілді. Бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін облыста 2025 жылға дейін 6 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде тұшытылған судың көлемін 146 мың текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік туады», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ Президентке Ақтау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жетілдіру және инженерлік инфрақұрылымын қалыпқа келтіру, Маңғыстау атом энергетикалық комбинатына (МАЭК) күрделі жөндеу жүргізу мәселелері жөнінде баяндалды.
«МАЭК-ке жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін биыл 9,4 млрд теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде 6,8 млрд теңге МАЭК-тің инвестициялық бағдарламалары аясында, ал 2,6 млрд теңге Маңғыстау облысы әкімдігінің резервінен бөлінді. Бұған қоса, Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет резервінен қажетті қондырғыларды сатып алу үшін 4,9 млрд теңге қаржы қарастырылды», — делінген хабарламада.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы облыс әкіміне Маңғыстау өңірі энергетикалық жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясындағы міндеттерді іске асыруды тапсырды.