Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуіндегі баяндамасы басталды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі саммиттің, шын мәнінде, маңызды жиын болатынына және көпжақты ынтымақтастықтың алдағы даму қарқынын айқындайтынына сенімді екенін айтты.
Бүгінгі саммиттің, шын мәнінде, маңызды жиын болатынына және көпжақты ынтымақтастықтың алдағы даму қарқынын айқындайтынына сенімдімін. Консультативтік кездесулердің форматы өміршең болып қана қоймай, перспективасы зор, пәрменді алаңға айналды. Бұл – қуанышты жайт. Бұған кез келген мәселені конструктивті түрде шешуге мүмкіндік беретін белсенді әрі сенімді саяси диалог ықпал етеді. Өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық дәйекті түрде кеңейіп келеді. Бизнес арасындағы байланыстар жанданып, бірлескен кәсіпорындар саны арта түсті. Ірі аймақтық жобалар бәрімізге айтарлықтай пайда әкеліп қана қоймай, сонымен қатар Орталық Азия экономикасының бүкіл құрылымын өзгертеді. Соңғы бес жылда өңірішілік тауар айналымы 80 пайыздан астам өсіп, 10,6 миллиард долларға жетті. Мұнымен шектеліп қалмайтынымызға сенімдімін. Сауда-саттықты одан әрі дамыту үшін елдеріміздің әлеуеті зор, — деді ол.
Президенттің сөзінше, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық біздің көпжақты байланыстарымызды тереңдетуге үлкен септігін тигізеді.
Бұл маңызды сала жылдан-жылға сапалы әрі жаңа мазмұнмен толығып, біздің ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлерімізді, достығымыз бен тату көршілігімізді нығайта түседі. Мұның бәрі мемлекеттеріміздің өзара табысты қарым-қатынасына және жалпыөңірлік өзекті міндеттердің тиімді шешілуіне ықпал етеді. Қазақстан Орталық Азиядағы барлық елмен арадағы көпжақты ынтымақтастықты кең көлемде нығайтуға бағытталған стратегиялық бағдарды берік ұстанатынын тағы да атап өтемін. Ортақ іс-әрекеттер синергиясы мен өзара қолдау бауырлас халықтарымыздың өркендеуіне және әл-ауқатының артуына жол ашатынына сенімдімін, — деді Тоқаев.