Четверг, 28 ноября, 2024

Тоқаев Шәріпхановқа төтенше жағдайлар санын азайтуды тапсырды

Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановты қабылдады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Сырым Шәріпханов министрліктің атқарып жатқан жұмыстары мен жоспары жөнінде баяндады. Атап айтқанда министрлікте алдағы уақытта жүзеге асырылатын трансформация және қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру жұмыстары туралы мәлімдеді.

Сонымен қатар төтенше жағдайлардың саны мен ауқымы ұлғайған жағдайда азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін төтенше жағдайдың салдарын жоюдан бұрын оның алдын алуға бағдарлау көзделіп отырғанын жеткізді. Бұдан бөлек құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын жарақтандыру және цифрландыру ісін нығайту, сондай-ақ құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің кадрлық әлеуетін арттыру, оларды әлеуметтік қорғау шараларын күшейту жөнінде ақпарат берді, — делінген хабарламада.

Халықты алдын ала қорғауға қажетті жағдай жасау мақсатында қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге айрықша мән беріліп отырғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев министрлікке төтенше жағдайлардың санын азайту, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру жөнінде тапсырма берді.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған