Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП партия комитетінің хатшысы Ма Синжуйді қабылдады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Әңгімелесу барысында өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мәселесіне назар аударылды. Қазақстан Шыңжаң өлкесімен өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм секілді көптеген бағыт бойынша табысты қарым-қатынас жасап отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қытаймен стратегиялық серіктестік пен мәңгілік достық рухында жан-жақты ынтымақтастықты тереңдетуге баса мән беретінін айтты. Мемлекет басшысы екі ел арасында барлық деңгейде белсенді әрі сенімді саяси диалог қалыптасқанына тоқталып, ҚХР-ды Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі ретінде атап өтті.
«Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаның былтыр қазан айында Қазақстанға жасаған сапары өте сәтті болғанын айтқым келеді. Бұл СOVID пандемиясы салдарынан болған ұзақ үзілістен кейінгі бірінші сапар екенін атап өттік. Біз өте маңызды келісімдерге қол жеткіздік. Екі елдің үкіметтері мен тиісті аймақ басшыларына ең жоғары деңгейде қол жеткізген уағдаластықтарды табысты жүзеге асыру міндеті жүктелді», – деді президент.
Ма Синжуй қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің сәлемін жеткізді.
«Менің сапарымның негізгі мақсаты – ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Сіздің араңыздағы маңызды стратегиялық келісімдерді жүзеге асыру. Біз Қытайдың бір өлкесі ретінде еліміздің батысындағы мемлекеттермен қарым-қатынастарды нығайтуға жауаптымыз. Қазақстан – біз үшін өзара ынтымақтастықтың басым бағыты. Жалпы, Қытай мен Қазақстанның ынтымақтастығы Шыңжаң арқылы жүзеге асырылады», – деді Ма Синжуй.
Кездесу соңында Президент Шыңжаң басшысының Қазақстанға сапары өңіраралық байланысты тереңдетіп, оның бағыт-бағдарын нақтылай түсуге тың серпін беретініне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпиннің ҚХР Төрағасы болып қайта сайлануына байланысты оған ізгі тілегін жолдап, сәттілік тіледі.